Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылғы доллар бағамына қатысты пікірін білдірді. Министр оған әсер ететін ең басты фактор – экспорт көлемі мен ішкі нарықта сатылатын валюта мөлшері деп тұжырымдайды.
«Ең маңыздысы – осы көрсеткіштер. Ұлттық банкпен бірлесіп, ішкі нарықта сатылатын валюта көлемін арттыру мәселесін тақыладық. Ішкі нарықта валютаның артуына сырттан тартылатын инвестиция көлемі ықпал етеді. Негізгі капиталға инвестиция валютада тартылады. Ұлттық холдингтер мен даму институттары да қарызды валютада алады, оның бәрі біздің валюта нарығымыз арқылы өтеді», – деді министр.
Осылайша Үкімет келер жылы Ұлттық банктің теңге бағамын тұрақтандыруына көмектеспек. Өйткені нарықтағы валюта бағамы сұраныс пен ұсыныстан қалыптасады. Қараша айында биржада долларға деген сұрыныс артып, Ұлттық банк интервенция жасаған еді. Тимур Сүлейменов 15-28 қараша аралығында 1 млрд доллардан аса қаржы сатылғанын мәлімдеді.
Үкімет отырысында Нұрлан Байбазаров ұлттық валютаның әлсіреу негізінен сыртқы факторлардың әсерінен туындаған құбылыс екенін айтты. Министр теңге бағамына әсер еткен негізгі үш факторды атап өтті:
- соңғы айларда доллар индексінің күшеюі;
- әлемдік мұнай бағасының біраз төмендеуі;
- Ресей рублінің әлсіреуі.
Ал Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары 2025 жылы доллар 542 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам жасаған.