Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева азаматтарға алаяқтардың жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, оның атынан дауыстық хабарламалар жіберіп жатқанын ескертті.
«Құрметті достар! Кейінгі уақытта белгісіз біреулер менің атымнан таныс және бейтаныс адамдарға жасанды интеллект көмегімен дауыстық хабарламалар жіберу жағдайлары жиілеп кетті. Сіздерден осындай хабарламаларды елемеуді, бейтаныс нөмірлерді бұғаттауды сұраймын. Бұл – алаяқтардың әрекеті. Алданып қалмаңыздар!», – деп жазды министр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтарды сақ болуға және күмәнді хабарлама жіберушілермен байланысқа түспеуге шақырады. Осындай жағдайларда келесі шараларды қабылдауды ұсынады:
- Хабарламаларды елемеу және жауап бермеу.
- Белгісіз нөмірлерді бұғаттау.
- Алаяқтық фактісі туралы құқық қорғау органдарына хабарлау.
Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық банкі де жасанды интеллект қолдану арқылы алаяқтық әрекеттердің көбейгенін ескерткен болатын. Зиянкестер танымал тұлғалардың немесе жақын адамдардың дауыстарын қолдан жасап, азаматтардан жеке мәліметтерді немесе қаржы қаражатын иемденуге тырысады.