Өткен аптада Қазақстан кинотеатрларында бірнеше жаңа фильм көрермендерге жол тартты. Көш басында үш апта бойы «Моана» анимациялық фильмі тұр. Алайда жаңа отандық және шетелдік картиналар да жоғары көрсеткіштерге ие болды.
«Моана 2» – 286 056 368 теңге (үшінші апта)
Әлемдік деңгейдегі танымал анимациялық туынды «Моана» үшінші апта қатарынан көш басынан түспей келеді. Көрермендер әлі күнге дейін басты кейіпкер Моананың шытырман оқиғаларына қызығушылық танытып, кинотеатрларға барып жатыр. Өткен аптада «Моана 2» «Ойжұмбақ 2» туындысынан асып түсіп, қазақ тіліне дубляждалған барлық фильмнің ішінде ең табысты жоба болды. Қазақ тіліндегі жалпы кассалық түсімі 151 миллион теңгеден асқан еді.
«Крэйвен-аңшы» – 168 139 000 теңге (бірінші апта)
Фантастикалық экшн-хоррор жанрындағы жаңа фильм – «Крэйвен-аңшы» өткен аптада премьерасын өткізіп, айтарлықтай жоғары табыс жинады. Фильмде басты кейіпкер, тәжірибелі аңшы Джек Крэйвен адамзатты қорғап құпиялы, қанішер монстрмен күрес жүргізеді. Адамзаттың аман қалу тағдыры Джектің қолында. Фильм көрермендерді ерекше әсерге бөлеп, алғашқы аптада-ақ жоғары көрсеткіш көрсетті.
«Сен маған керексің» – 164 347 170 теңге (бірінші апта)
12 желтоқсан күні көрерменге жол тартқан Рүстем Жаныамановтың фильмі көрермен жүрегін жаулап, бір апта ішінде үлкен кассалық табысқа қол жеткізді. Фильм ерекше қабілетке ие қарапайым электрик Бөлекбайдың тағдыры туралы. Жұмыс кезінде найзағайдың әсерінен Бөлекбай магниттік қабілетке ие болады. Алғашында ол қабілетті көңіл көтеру мен жеке мақсаттарына пайдаланса, кейіннен мемлекеттік құрылымдардың назарына ілігеді. Бірақ ерекше қабілет оны қауіпті саяси ойынның құрбаны етеді.
«Әнел» – 157 659 710 теңге (бірінші апта)
Хоррор бағытында түсірілген Ақан Сатаевтың фильміне де сұраныс артып келеді. Отбасылық құпиялар мен ананың баласын қорғайтыны туралы психологиялық драма. Басты кейіпкер Әнел өзінің 12 жасар қызына төніп тұрған тылсым қауіптің белгілерін байқайды, бірақ отбасы оған сенбейді. Фильмде ананың шексіз махаббаты мен отбасындағы күрделі қарым-қатынастар көрініс табады.
«Таптым-ау сені» – 132 771 838 теңге (үшінші апта)
«Моанамен» бір уақытта шығып шу болған Дариға Бадықованың фильмі де тұрақты көрермен жинап келеді. Романтикалық-комедиялық туынды отандық көрерменнің көңілінен шығып, кассалық табысы бойынша тізімдегі өз орнын сақтап қалып жатыр.
Еске сала кетейік, осы аптада 19 желтоқсан күні Баян Алагөзованың «Жауап бер» фильмі мен Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақ әлемі» фильмдері прокатқа шығады.