Қазақстан 2025 жылы мұнай өндірісін арттыруға мүдделі. Алайда Қазақстанның бұл ниеті ОПЕК+ ұйымымен арадағы жағдайды одан әрі шиеленістіріп жіберуі мүмкін. Bloomberg басылымының жазуынша, Қазақстанның мұнай өндірісін арттыруға қатысты жоспары ұйым аясындағы міндеттемелерге қайшы.
Қазақстан 2025 жылы мұнай өндірісін 97,2 млн теңгеге жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Алайда бұл мәлімдемеден кейін, ОПЕК+ өндіріс саясатына ірі өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, ұйымға мүше елдер 2025 жылы да мұнай өндірін қысқарта тұруға мәжбүр.
Өйткені мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндіруші елдер тобы өндірісті қайта жандандыруды 2025 жылғы қаңтар айында емес, сәуірге шегеруге келіскен. Сондай-ақ өндірісті біртіндеп арттыру қарқыны да баяулайтын болады. Ал өндіріс көлемін толық қалпына келтіру бастапқы жоспардан бір жыл кешігеді.
Басылымның жазуынша, Қазақстан бұған дейін де ОПЕК+ көшбасшылары, Ресей мен Сауд Арабиясы тарапынан қысымға ұшыраған еді. Оған себеп – елдің 2024 жылдың басында келісілген өндірісті қысқарту талабын орындамауы. Сонымен қатар Қазақстан биыл артық өндірген мұнайын өтеу үшін алған міндеттемелерін де орындай алмай отыр.
2025 жылғы бюджет жоспарына сәйкес, келер жылы 9,4 миллион тонна немесе тәулігіне шамамен 190 мың баррель мұнай өндірілмек. Бірақ та мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) мен оның серіктестері арасындағы соңғы келісімге сәйкес, Қазақстан өндірісті 2025 жылы тәулігіне 41 мың баррельден арттырмауы керек. Одан бөлек, мұнайды артық өндіргені үшін өтемақыны ескергенде, бұл көрсеткіш одан да аз болуы мүмкін.
Бұған дейін Bloomberg 2025 жылы Қазақстан OPEC+ ұйымының «іштен шыққан жауына» айналуы ықтимал деп жазған. Себебі Қазақстанның Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасының бірінші кезеңі күзде аяқталып, ал 2026 жылы екінші кезеңді аяқтау жоспарланған. Оған қоса 2025 жылы Теңізді кеңейту жобасын аяқталуы тиіс.