Айыппұлдан қорыққан Еуропа электромобильдерге жеңілдік жариялады

Жарияланды 18 Желтоқсан 2024 18:04

(жаңартылды 18 Желтоқсан 2024 18:07)
Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

электромобиль
Электромобиль бағасы арзандап жатыр/ Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еуропада электромобиль бағасы түсіп жатыр. Бұл келесі жылдан бастап экологиялық нормалардың қатаңдауына байланысты болып отыр деп жазады француз басылымдар.

Еуроодақта автомобильдер шығаратын көмірқышқыл газының көлеміне лимит бар. Келесі жылдан бастап ол лимит тағы да азая түседі, енді автоөндірушілер түтінді көліктер санын азайтып, электромобильдерді көбейтуі қажет.

Жаңа өзгеріс бойынша, автоөндірушілер сатылымға шығарған барлық автомобиль ішіндегі электрокарлар үлесі 20%-ды құрауы керек. Осы жылы сатылған электромобильдер үлесі 13%  ғана болды. Енді ірі концерндер электрлі көліктерді неғұрлым көбірек сатуға тырысып жатыр, тұтынушылардың сұранысын көбейту үшін де жеңілдіктер жарияланды.

Олардың қатарында Volkswagen, Stellantis және Renault тәрізді компаниялар бар. Кәсіпорындар тұтынушыларын электромобиль сатып алуға итермелеу үшін жанармай және дизельмен жүретін машиналардың бағасын көтерген. Егер автокомпаниялар жаңа өзгерістерді назарға алмаса, заң бұзғаны үшін 15 млрд еуроға дейін жететін айыппұл төлеуі мүмкін.

2024 жылы еуропалық автоөндірушілердің түсімі де азайды. Үшінші тоқсанда Volkswagen пайдасы 64 пайызға азайып, 1,58 млрд еуроны құрады. Audi-дің де жағдайы қиын. Таза пайдасы 91 пайызға азайып, 106 млн еуро болды. Компанияның сатылымы Еуропа, Қытай және АҚШ-та күрт төмендеп кеткен.

Дегенмен Еуропада таза электр көліктерге жақсы сұраныс артып келеді. Сарапшылар бұл электр автомобиль саласы үшін жақсы жаңалық және болашақта да танымалдылығы арта түседі дейді. 

Электромобиль нарығы ғана емес, жалпы автонарықтағы көшбасшыға айналып келе жатқан ел – Қытай. 2023 жылы Бейжің Жапонияны басып озып, әлемдегі ең ірі көлік экспорттаушысының бірі атанды.

Сондай-ақ оқыңыз