Мол мотивация сыйлайтын үздік 10 кітап

Жарияланды 20 Желтоқсан 2024 08:21

(жаңартылды 20 Желтоқсан 2024 06:02)
Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Мотивация сыйлайтын үздік 10 кітап / Фото: shutterstock.

Табысты адамдардың жетістікке қалай жеткенін, сол жолда нендей қиындыққа кез болғанын оқығанда бойға мол ерік-жігер жиналады. Сол мотивация бізге дереу әрекет етіп, арманымызға адал болуға көмектеседі. Біздің әр әрекетімізге бағыт болып, тоқтап қалмауына әсер етеді. Олай болса, 2024 жылғы ең үздік мотивациялық кітаптарға шағын шолу жасап шығайық.

The Compound Effect/Накопительный эффект. От поступка – к привычке, от привычки – к выдающимся результатам

Бұл кітапты бәрін соңына дейін шегере беретін, еріншектігін жеңе алмай жүргендерге нағыз челлендж деуге болады. Даррен Харди жалқаулықтың шырмауынан шыға алмай, өзін жеңе алмай жүргендерді қалай «сілкіп» ояту керегін жақсы біледі. Сол лайфхактарын осы кітапта жазып шыққан. Мұндағы әр бетте сіздің әлсіз тұстарыңызды дөп басып тауып отырады. Оны оқи түскен сайын одан бетер мотивация аласыз. Бір қарағанда елеусіз көрінетін кей қылықтардың әдетке айналатынын, ал әдеттің мол нәтижеге жеткізетінін байқай бастайсыз. Автор сізді жылы көрпеге оранып жатқан жеріңізден тұрғызып, қимылдауға сеп болады. Әрине, кітапты оқыған бойда жалқаулықтан арылып кетпейсіз. Ол үшін әрекет өзіңізден болуы керек. Бірақ сол өзгерістерді қалай жасауға болатынын түсінгенде алға жылжу жеңілдейді.

Авторы: Даррен Харди

Шыққан жылы: 2024

Жанры: Мотивациялық кітап, өзін-өзі дамытуға бағытталған

Кітаптың артықшылығы:

  • Динамикамен баяндалғандықтан, жалықтырмайды
  • Практикалық кеңестер бар
  • Дереу әрекет етуге мотивация береді
  • Жетістікке жеткендердің басынан өткен шынайы оқиғалар айтылады
  • Өмірде белгісіздікпен жүргендерге бағытты айқындауға көмектеседі
  • Тілі жеңіл болғандықтан, түсіну оңай
  • Келтірген мысалдары ерекше
  • Автордың беделі жоғары.

Кітаптың кемшіліктері:

  • Сиқырлы таяқша секілді дереу әсер етеді деп ойлайтындарға жарамайды. Өйткені әрекет — өзіңізден
  • Темірдей тәртіп сақталуы керек
  • Кей жерде тым тіке айтылатындықтан, көңіліңізге тиіп кетуі мүмкін.

Адекватность. Как видеть суть происходящего, принимать решения и создавать результат без хорошего стресса

Үнемі уайыммен жүретін, жүйкесі әлсірегендерге арналған кітап. Өйткені бұл кітапты құдды гайд дерсіз. Сергей Калиничевтің туындысын оқи отырып, болып жатқан оқиғаларға салқынқанды қарауды үйреніп қана қоймай, өмірді бір проблеманың соңы екіншісіне жалғаса кететін, көңілсіз күйбең деп емес, шаттығы мол деп қабылдауға көмектеседі. Мысалы, бір адамдар таңертең ұйқыдан тұрғанда «тағы бір ауыр күн басталды» дейді. Енді бірі «неткен керемет күн» деген қуанышпен оянады. Автор кітабында ненің қалай екенін, қайтсе дұрыс болатынын түсіндіріп, мұғалім болмайды. Ол бар болғаны әлгі екі ойдың арасындағы айырмашылықтың қандай болатынын түсіндіреді. Сонда өзіңіз де сезе бастайсыз. Өз басынан өткен не достарының өмірінен мысалдар келтіреді. Сол арқылы оқырман тіпті жақын бола бастайды. Өйткені онда  тіршілік әрқайсымыздың басымыздан өтеді. Өмірді қалай жеңілдету керегін формуламен, қатқан ережемен көрсетпейді. Ол бар болғаны өзіңізге әрекет етуге шабыт береді. Біреу өміріне көңілі толмай, үнемі қара бұлт үйіріп жүрген уақытта екінші біреу шаттыққа толы күй кешіп жатады. Сіздің қай топта болатыныңыз өзіңізге байланысты.    

Авторы: Сергей Калиничев

Шыққан жылы: 2022

Жанры: Психология, өзін-өзі дамыту

Кітаптың артықшылықтары:

  • Терең пәлсапа емес, нақты практикалық жаттығулар береді
  • Шынайы өмірде кездесетін оқиғалар баяндалады
  • Автор өте сыпайы тілде жазған
  • Эмоциялық интеллектіні көтеруге көмектеседі
  • Жеке адамға да, кәсіби ортаға да пайдалы
  • Күнделікті күйбеңге жаңаша көзқараспен қарауға шақырады

Кітаптың кемшіліктері:

  • Басында айтып кеткенді кей жерлерде қайталайды
  • Тым созылып кеткендей сезім сыйлап, жалықтырып жіберуі мүмкін
  • Автордың өзін мысал қылып көрсете бергені кей адамдарға ұнамай қалуы мүмкін. 

Be Useful: 7 Simple Rules/Будь нужным: Семь правил жизни

Холливудты жаулап, талайдың кумиріне айналған Арнольд Шварцнеггер — актер ғана емес, саясатта да ойып тұрып орын алған тұлға. Оның бұл кітабында құрғақ кеңестер ғана емес, осынау қиын заманда алға шығып, табысқа жетуге көмектесетін нұсқаулық бар. Арнольд қалай танымал болғанын бүге-шүгесіне дейін ашық баяндап берген. Ешкім танымайтын адамнан екінің бірі білетін тұлғаға қалай айналғанын оқып, мотивация аласыз. Өзін аяп қалатындарға бұл кітап ауыр болуы мүмкін. Өйткені төзім, қажыр, қайрат керек. Өмірде өз жолын тапқысы келетін адам қиындықтарға тайсалмай төзуі қажет екенін айтады. Автор берген кеңестерге құлақ түрсеңіз, соңында нәтижеге жетесіз.

Авторы: Арнольд Шварценеггер

Шыққан жылы: 2024

Жанры: Өзін-өзі дамыту

Кітаптың артықшылығы:

  • Жеткізу стилі керемет. Мол мотивация алуға болады
  • Практикалық кеңестер береді
  • Автор бәрін өз басынан өткергендіктен, мұнда бәрі шынайы баяндалған
  • Қызық оқиғаларды оқи отырып соңына қалай жеткеніңізді байқамай қаласыз
  • Жеткізу тілі өте жеңіл
  • Баяндау стилі жалықтырмайды, динамика бар.

Кітаптың кемшіліктері:

  • Ғылыми база жоқ
  • Кей кеңестерді оқығанда «онсыз да белгілі нәрсе емес пе?» деуіңіз мүмкін
  • Автор кей жерде шектен тыс мақтанып кеткендей әсер береді

Хочу – Могу – Надо. Узнай себя и действуй!

Бір орыннан қозғалмай отырып қалғаныңызға көп болды ма? Олай болса, сізге осы кітапты оқып шығу керек. Өміріңізге сілкініс сыйлауға көмектеседі. Бәрін өз мойныңызға алып, қимыл-әрекетке көшетін кез келді. Марина Мелия — небір жалқауды сілкіп оятқан автор. Бұл кітаптағы лайфхактар шынында жұмыс істейді. Құр армандап отыра бермей, іске көшуге көмектеседі. Әлемді бағындыруға жол ашатын нұсқаулық десек болады. Бүгін істелетін шаруаны ертеңге қалдыра бергенді қойыңыз. Өзгеретін кез келді. Сізге керек нәрсе осы болса, кітапты оқып шығуға кеңес береміз. Іске сәт!

Авторы: Марина Мелия

Шыққан жылы: 2024

Жанры: Психология

Кітаптың артықшылығы:

  • Өте түсінікті тілде баяндайды
  • Өмірден алынған шынайы кейстер жинақталған
  • Практикалық кеңестер бар
  • Әр парақта — тұнған мотивация
  • Динамика мол, сондықтан жалықтырмайды
  • Кез келген жастағы оқырман оқи береді

Кітаптың кемшіліктері:

  • Кей кеңестерді онсыз да білетін болуыңыз мүмкін. Жауыр болған лайфхактар ба
  • Өмірін өзгертуге әлі дайын емес адамдарға арналмаған
  • Кей жерлерінде тым біржақты оймен жазылғандай сезіледі

Миссия выполнима. Технология счастливой жизни

Қазір кеңес айтатын адам көп. Содан шаршасаңыз, онда Марғұлан Сейсембайды мына кітабын оқып шығуға кеңес береміз. Бақытқа жетелейтін жол ғана емес, сол жолда өтуіңіз керек сынақ пен әрекеттің бәрін жүйелеп берген. Өмірін өзгерткісі келетіндерге нағыз челлендж болады. Бастысы, жауапкершілік алуға дайын болсаңыз жеткілікті. Автор іштей үйлесім табуға көмектесіп, табысқа жетуге жол көрсетеді. Оның айтуынша, бақыт деген технологиялардан тұрады. Оған жету үшін әрекет керек. Ал қандай әрекет керегін кітаптан табасыз.

Авторы: Марғұлан Сейсембай

Шыққан жылы: 2024

Жанры: Өзін-өзі дамыту

Кітаптың артықшылығы:

  • Баяндау стилі ерекше, динамикаға толы
  • Өз тәжірибесінен өткен, дәлелденген тәсілдер ұсынады
  • Айтатын ойы мен пікірінде ирония бар
  • Кез келген жастағы оқырман оқи береді
  • Өзгеріс жасауға талпыныс береді

Кітаптың кемшіліктері:

  • Күрделі теориялармен бас ауыртқанды ұнатпайтындарға арналмаған
  • Кей жерлері тым біржақты оймен жазылғандай сезілуі мүмкін

Действуй! 10 заповедей успеха

Табысқа жетуге көмектесетін нағыз трамплин болатын кітап. Мұнда басы-артық лирика жоқ. Бәрі шынайы өмірден алынған. Пинтосевичті оқи отырып, бір орында тұрып қалмай, алға жылжу керек екенін түсінесіз. Керек кезде сілкіп алады. Соның арқасында дереу ес жиып, мақсаттарға ұмтыласыз. Бір жақсысы, іш пыстырмайды. Әр кеңесі жұмыр, нақты әрі дереу әрекет жасауға шақырып тұрады. Бітпейтін сан сылтау айтып жүре бермеңіз. Жетістікке жеткіңіз келе ме? Онда жатқан жерден атып тұрыңыз да, армандарыңызға ұмтылыңыз. Табысқа жетудің оңай жолы болмайды. Ондайға алданбаңыз. 

Авторы: Ицхак Пинтосевич

Шыққан жылы: 2024

Жанры: Өзін-өзі дамыту

Кітаптың артықшылығы:

  • Жеткізу стилі ерекше, жалықтырмайды
  • Айтылған кеңестері нақты
  • Дереу әрекетке көшуге ұмтылдырады
  • Тілі жеңіл
  • Нәтижеге жетуге көмектеседі

Кітаптың кемшіліктері:

  • Ертегі сияқты бәрін жеңілдеткенді жақсы көретін, өзі әрекет еткісі келмейтіндерге арналмаған
  • Толықтай беріп, мақсатқа ұмтылуыңыз міндетті. Әйтпесе, нәтиже шықпайды

Эта жизнь по возврату и обмену не предусмотрена. Как построить будущее, о котором не стоит сожалеть

Маршалла Голдсмиттің бұл кітабынан алатын үлкен инсайт: аңдап баспасаңыз, басқан қадамды қайтарып ала алмайсыз. Өмірде өткенге оралып, кері қайтатын жол жоқ. Өзін дамытқысы келіп жүргендерге нағыз нұсқаулық болатын кітап. Әсіресе, бір орында жылжымай, тұралап қалғандарға арналған. Біреу салып берген жолмен емес, өзіңіздің жеке жолыңызды табуға көмектеседі.  Біреу айтқан шеңбермен жүргенді қойыңыз. Өзіңізді аяй бермей, әрекетке көшіңіз. Голдсмиттің ұсынатын кітабында шынайы кейс жетіп артылады. Сондықтан оқығанда қызықтырады. Көп жерінде «мына жері нағыз мен туралы айтылыпты» деуіңіз ғажап емес.

Авторы: Маршалл Голдсмит

Шыққан жылы: 2024

Жанры: Психология, өзін-өзі дамыту

Кітаптың артықшылығы:

  • Бәрі қалай бар, солай жазылған
  • Дереу әрекет етуге құлшындырады
  • Ирония мен сарказм бар
  • Тілі жеңіл, сондықтан оңай оқылады
  • Өзін-өзі дамыту дегенге жаңаша көзқараспен қарауға шақырады
  • Практикалық көп кеңес бар
  • Тақырып өте өзекті

Кітаптың кемшіліктері:

  • Тым біржақты айтылғандай сезілуі мүмкін
  • Жеткізу стилі барлығына бірдей ұнай бермейді

Maybe You Should Give Up: 7 Ways to Get Out of Your Own Way and Take Control of Your Life/ Выйти из колеи: Как перестать саботировать свою жизнь

Бір орында тапжылмай тұрып қалғандар оқып шықса дұрыс болады. Құдды салқын сумен бет жуып алғандай сезім сыйлайды. Байрон Моррисон оқырманды мәпелеп отырмайды. Бетің бар, жүзің бар демей айтып салады. Қорқынышы мен әлсіз тұстарын бетіне тіке айтады. Өзінің сенімсіздігі мен еріншектігінің шырмауына байланып қалғандарға арналған. Сылтау таба бермей, өміріңізді қолға алуға кірісіңіз. Егер өзіңізді өмірі жолы болмайтын адам санап жүрсеңіз, осы кітапты оқыған соң жай ғана әрекетке көшесіз. Мұнда мотивация өте көп. Құлаққа жағымды, эгоны тамақтандыратын тәтті ертегі болады деп ойламаңыз. Бұл кітапты оқығанда автор сізді кей жерлерде шапалақпен салып жібереді. Соған дайын болыңыз. 

Авторы: Байрон Моррисон

Шыққан жылы: 2024

Жанры: Психология, өзін-өзі дамыту

Кітаптың артықшылығы:

  • Практикалық кеңес көп
  • Мол энергия сыйлайлы
  • Өмірден алынған мысалдардан тұрады
  • Әрекет етуге құлшындырады
  • Автордан кері байланыс бар
  • Кез келген жастағы оқырман оқи береді
  • Эмоциялық қуатты молынан аласыз

Кітаптың кемшіліктері:

  • Жылы әрі жұмсаққа үйренгендерге ауырлау кітап
  • Кей жерлері тым біржақты жазылғандай сезіледі
  • Оқыған бойда қозғалмасаңыз, нәтиже болмайды

The Mountain Is You. Transforming Self-Sabotage Into Self-Mastery/ От самосаботажа к саморазвитию. Как победить негативные внутренние установки на пути к счастью

Брианна Уист өзіңізді қолға алуға көмектеседі. Оның бұл кітабында бітпейтін ақыл-кеңес айтыла бермейді. Санаңызды дүр сілкіндіретін ойлар айтылады. Өмірге деген көзқарасыңызды төңкеріп тастайды. Қорқыныштың тар қапасында қалып қойсаңыз, жарық әлемге шығуға қол созады. Өзіңізді өзіңіз дамытпасаңыз, басқаға үміт артпаңыз. «Істей алмаймын» дегенді қойып, «істеймін» дейсіз. Өзімізге өзімізді жау қылып көрсетуді қою керегін түсінесіз.

Авторы: Брианна Уист

Шыққан жылы: 2024

Жанры: Өзін-өзі дамыту

Кітаптың артықшылығы:

  • Тілі жеңіл әрі түсінікті
  • Практикалық кеңестер бар
  • Мотивация береді
  • Баяндау стилі жағымды
  • Психологиялық тұрғыдан терең талқы жасалады
  • Өмірден алынған мысал көп
  • Өзгерістерге шақыратын нақты қадамдар айтылады

Кітаптың кемшіліктері:

  • Темірдей тәртіп орнатуды өз қолыңызға алмасаңыз, бәрі бекер
  • Кей жердері тым біржақты айтылғандай болады

101 Essays That Will Change The Way You Think/От важных инсайтов к реальным переменам

Мұны кітап дегеннен гөрі трансформация құралы деген дұрысырақ. Том-том кітап оқып, сонда да өзіңізді өзгерте алмай жүрсеңіз, осы кітапты алып көріңіз. Брианна Уист санаңызды сілкіндіретін, оятатын, әрекетке ұмтылуға көмектесетін 101 эссені назарыңызға ұсынады. Мұнда даңғаза мақтаншақтық жоқ. Автор ақыл айтып отырмайды. Оның орнына дұрыс жолды қалай табу керегін бағыттайды. Өткеніңізді ұмыта алмай жүрсеңіз, бір орында тұрып қалсаңыз, бұл кітап сізге арналған. Көп сұрағыңызға жауап табасыз.

Авторы: Брианна Уист

Шыққан жылы: 2022

Жанры: Өзін-өзі дамыту

Кітаптың артықшылығы:

  • Терең мағыналы эсселер жинақталған
  • Тілі жеңіл, түсінікті
  • Өміріңізді таразылауға көмектеседі
  • Мол мотивация аласыз
  • Көрсеткен мысалдары өзекті
  • Шабыт сыйлайды
  • Қайталап оқи беруге болады

Кітаптың кемшіліктері:

  • Әрекет еткісі келмейтін, оңай жол іздейтіндерге арналмаған
  • Кей бөлімдерінде шиеленіс көп секілді көрінуі мүмкін
Сондай-ақ оқыңыз