Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында Жылу электр станциясында жарылыс болып, алты адам зардап шекті. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, төтенше жағдай 21 желтоқсан таңғы 4:39 болған. Қызметкерлер жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанда газ-ауа қоспасы жарылған. Жөндеу жұмыстары көмір жағу аумағында жүргізілген.
«Жарылыс кезінде алты адам зардап шекті, барлығы ауруханада, жағдайлары тұрақты», – деді ШҚО әкімі.
Әкімдік мәліметінше, ол «Риддер ЖЭО» кәсіпорнының басшысымен бірге электр станциясын бір аралап, жұмыс барысымен танысқан. Қазір станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Үйлердегі температура қалыпты деңгейде.
«Қазіргі таңда станса қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, жабдықтарда ақау байқалмайды. Сондықтан Риддер тұрғындарының үйлеріне жылу беру тоқтатылмайды. Қазір жылу электр орталығындағы мамандар мұндай оқиғалардың алдын алу үшін тексеру жұмыстарын жүргізуде», – деді әкім.