Жаңалықтар

Қытай Тайваньға қару-жарақ сатуды ұйғарған АҚШ-қа наразылық білдірді

Қытай АҚШ-тың Тайваньға әскери көмек беретініне наразы/ фото: kursiv.media

Бейжің Байденнің шешімін сынға алды. Интерфакс жазуынша, Қытай АҚШ-тың Тайваньға әскери көмек беруді ұйғарғанына наразы. Байден Тайваньның қорғанысын нығайтуға 571,3 млн доллар көлемінде қаражат жұмсау жөнінде құжатты мақұлдады.

 «Қытай тарапы наразылығын білдіреді және түбегейлі қарсылық танытады, соған сәйкес АҚШ-қа тиісті ұсыным жасады», – деп мәлімдеді Қытай Сыртқы істер министрлігі.

Аспан асты елі Вашингтонның әрекеті «Біртұтас Қытай» қағидасын бұзатынын қаперге салды.  Тайваньды қорғау АҚШ көшбасшыларының міндетіне кірмейді деп санайды Қытай тарапы.

«Қытай ұлттық егемендікті, қауіпсіздікті және аумақтық тұтастықты қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деп нақтылады ведомство.

Бейжің АҚШ-ты әскери көмек беруді мүлдем тыйып тастауға шақырды.

Бұған дейін АҚШ теңіз жаяу әскерінің зымырандық бөлімшелерін Жапонияның Нансей аралдарындағы уақытша базаларда орналастыруға бекінді. Бұл амал жақын жердегі Тайвань қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.