Авиабилеттерді сатып алу сервисіндегі қазақстандықтардың жеке деректері ұрланған. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Айдос Сарым айтты.
«Жақында авиабилеттерді сатып алу сервисінен Қазақстан азаматтарының жеке деректері ұрланғаны туралы ақпарат тарады. Онда азаматтардың қашан ұшып, қайда қонғаны туралы барлық деректен бөлек банк карталарына қатысты мәліметтер бар. Неге біздің авиакомпаниялар ішкі рейстерге билетті шетелдік сервистерде сатады. Біздің деректеріміз қорғалуы керек еді ғой», – деді Сарым.
Депутат елдегі қызмет көрсететін басқа платформалардың сервистік жүйелері шетелде орналасқанын айтты. Осы орайда жеке деректердің де қолды болуы ықтимал. Депутат шетелдің арнайы қызметі елдің мемлекеттік қызметкерлері мен басқа да азаматтарға қатысты ақпараттың оңай ұрлануы мүмкін деген күдігін жеткізді.
Ал Көлік министрі Марат Қарабаев шетелдік сервистердің шлюздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық бақылау қызметі тексеретінін айтты. Жалпы бүкіл әлемде барлығы 8 жүйе бар екен. Хакерлер соның біреуіне шабуыл жасаған.
«Тек қазақстандықтардың емес, басқа да елдердің азаматтарының жеке деректері ұрланып отыр. Әлемнің барлық авиакомпаниясы осы жүйелердің көмегімен жұмыс істеп жатыр. Қазақстан да сол жүйелерді пайдаланады. Өйткені азаматтарымыз шетелде жүріп, елдегі ішкі рейстерге билет алатын болса, осы жүйе провайдерінің көмегімен, билетке қол жеткізеді. Жалпы бұл севистердің қауіпсіздігі жөнінде айтар болсақ, барлық арналар мен шлюздер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық бақылау қызметінде тексерістен өткен», – деді Қарабаев.
Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің вице-министрі шетелдік сервистерде қазақстандықтардың жеке деректерін қорғауда министрлік мүмкіндігі шектеулі екенін айтты.
«Негізінен елде қызмет ететін платформалар өзінің сервистік құрылғыларын Қазақстанға орналастырып, деректер ел аумағында сақталуы керек деген талап бар. Қазіргі таңда елге көптеген компания кіріп жатыр. Өткен жылы Яндекс платформасының сервистері Қазақстанға көшірілді. Басқа платформаларды да көшіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың сервистері елге көшірілген соң, біз ондағы деректерді қорғай аламыз», – деді министрлік өкілі.