Жаңалықтар

Шырша безендіру кезінде құлап, мертіккен мұғалімнің оқиғасынан кейін Семей әкімі қызметінен кетті

Облыс басшысы қалаға жаңа әкімді тағайындап үлгерді / gov.kz, бильд-редактор: Артур Алескеров

Абай облысының орталығын небәрі 2 жыл басқарған Семей әкімі Нұрбол Нұрсағатов орнын босатты. Әкім лауазымындағы соңғы жұмыс күнін өткізген шенеунік, бұл жаңалығымен өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

«Бүгін – менің қаламыздың әкімі қызметіндегі соңғы күнім. Семейдің көпжылдық үзілістен кейін облыс орталығы мәртебесін қайта алған кезеңінде оның әкімі болу мен үшін үлкен мәртебе болды. Екі жарым жыл бойы мен және әкімдіктің барлық командасы сіздермен бірге күн сайын қаланы жайлы әрі жақсырақ етуге тырыстық. Әрине, қиындықтар болды – өйткені бұрынғыны қалпына келтіру жаңа нәрсе салудан қиын», – деп жазды Нұрсағатов.

Қызметінен кеткен әкім қала билігі тұрғындардың қолдауы мен түсіністігінің арқасында қиындықтарды еңсердім деп санайды. Сондай-ақ ол халыққа ашық әкім болдым деп есептейді.  

«Мен әрдайым қала тұрғындары үшін ашық болдым және осы қиын жұмыста мені қолдағандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамын – сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз мен үшін өте қымбат. Біз кездескен мәселелерге түсіністікпен қарағандарыңыз үшін рахмет», – деп қорытындылады әкім.

Десе де, Нұрсағатов әкім қызметінен кетуінің себебін нақты атамады.

Нұрбол Нұрсағатов Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Гончаров атындағы Қазақ автожол институтын тәмамдаған. Семей қаласының әкімі қызметіне оны 2022 жылдың қазан айында тағайындалған болатын.

Семей әкімі лауазымына кім келді?

Ал бұл уақытта облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының активіне жаңа әкімді таныстырып үлгерді. Бұл лауазымды енді бұған дейін аймаққа қарасты Бесқарағай ауданын басқарған Талғат Мұратов атқаратын болады. Ол мемлекеттік қызметке 2014 жылы келген.

Айта кетейік, 22 желтоқсанда Семейде орталық алаңда шырша тұрғызуға жәрдемдескен мұғалім Қуат Айтқалиев биіктен құлап, ауыр жарақат алған. Осы оқиғадан соң қаланың білім бөлімінің басшысы қызметінен кеткен еді. Отандық БАҚ Нұрбол Нұрсағатовтың қызметінен кетуіне шырша безендірген мұғалімнің биіктен құлауы себеп болуы мүмкін екенін хабарлауда. 

Осыдан бір ай бұрын Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар да қызметінен кеткен еді. Қаланы 6 жылдан астам уақыт басқарған оның өкілеттік мерзімі аяқталған.