Банк пен қаржы

Kaspi Bank 2023 жыл үшін төртінші рет дивиденд төлейді

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Kaspi Bank 2023 жыл үшін төртінші рет дивиденд төлемек. Банк акционерлерінің шешімімен бір акцияға 3450 теңге дивиденд белгіленген. Акционерлер шешімі Қазақстан қор биржасында орналастырылған.

Қаржы ұйымы қарапайым және артықшылығы бар акциялары үшін дивиденд аударады. 1 қазандағы дерек бойынша, 18,3 млн қарапайым және 372 мың артықшылығы бар акциясы айналымда жүр. Сәйкесінше, осы жолы 64 млрд теңге дивиденд төленбек. Дивиденд төлеу 23 желтоқсаннан басталған.

Банк 2023 жылы 475,8 млрд теңге таза пайда алған. Әдетте банк жылына 4 рет дивиденд төлейді. Наурыз айында 1 акцияға – 4000 теңге дивиденд төленді. Жалпы 74 млрд теңгені құрады.

Маусым айында 1800 теңге дивиденд бөлініп, акционерлерге 33 млрд теңге аударылған. Ал қыркүйек айында 2023 жыл үшін үшінші рет 6150 теңге көлемінде дивиденд төлеген болатын. Ол кезде төленген қаржы 115,1 млрд теңгені құраған.

Сонымен қатар банктің негізгі акционері – Kaspi Group-тың 17,3 млн қарапайым және 321 мың артықшылығы бар акциясы тіркелген. Компанияға бұл жолы 60 млрд теңгеге жуық дивиденд аударылады. Банктің соңғы бенефициары – Baring Vostok қоры (26,13%), Михаил Ломтадзе (23,42%) және Вячеслав Ким (22,27%).