Қазақстан бюджетіне түскен салық жоспардан 4 трлн теңгеге кем
2024 жылдың 11 айында Қазақстан бюджетіне салық 4 трлн теңгеге кем түскен. Қаржы министрлігі жариялаған есепке сай, қаңтар-қараша айларында бюджетке 14,3 трлн теңге салық түсуі тиіс еді. Алайда 11 айда 10 трлн теңге ғана салық жиналған.
Жоспар бойынша, осы кезеңде республикалық бюджетке 18,5 трлн теңге кіріс түсіп, соның 14,3 трлн теңгесі салық есебінен жиналуы керек еді. Алайда салық жоспары 75,5%-ға орындалып, қалған салық қазынаға түспей қалды. Жалпы бюджетке 17,6 трлн теңге түсіп, жоспар 95,1%-ға орындалды.
Үкімет 11 айда табыс салығы мен корпоративті табыс салығының әрқайсысынан Қазақстан бюджетіне 4 трлн теңге түседі деп жоспарлаған. Бірақ қаңтар-қараша айларында түскен әр салық 2,9 трлн теңгеден аспаған.
Тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге салынатын iшкi салық 8,2 трлн теңгені құрайды деп жоспарланғанымен, 6,1 трлн теңге түсті. Ал қосылған құн салығы бюджетке 6,8 трлн теңге алып келуі керек еді. Іс жүзінде қазынаға түскен қаржы 4,9 трлн теңгеден аспады.
Есепті кезеңде салықтық емес түсімдердің көлемі артып, 1 трлн теңгеден асқан. Ал жоспар бойынша 172 млрд теңге түсуі тиіс.
Салық жиналмаса, Ұлттық қор құтқарады
Бюджетке салық жоспардан кем түскен соң, Үкіметтің Ұлттық қордан қаржы алуы көбейді. Күздің басында қосымша сұратып алған 2 трлн теңгесі бюджетке түсіп, қазан-қараша айларында игеріле бастады.
Есепті кезеңде Ұлттық қордан алынған нысаналы трансферт көлемі жоспарлы 1,56 трлн теңгеден 3,3 трлн теңгеге жеткен. Одан бөлек бюджетке 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт құйылды. Жалпы 11 айда бюджетке Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге қаржы аударылған.
Бюджет шығыны қысқарды
Үкімет 11 айда бюджет шығыны 21,33 трлн теңгені құрайды деп жоспарлаған. Алайда қазынада қаржы тапшы болған соң, шығынды 20,5 трлн теңгеге дейін қысқартқан. Нәтижесінде бюджет тапшылығы 3 трлн теңгені құрайды. Ал бюджеттің мұнайға қатысты емес ташылығы 8,2 трлн теңге болады деп жоспарланғанымен, 9,5 трлн теңгеден аспады.