Кез- келген ел үшін мемлекеттік тіл – елдің ішкі тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі құралдың бірі. Қазақстанда мемлекеттік тілге қатысты ережелер 1997 жылы қабылданған «Тіл туралы заңмен» реттеледі.
Осы заңның 4-бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі ретінде көрсетілген.
«Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi», – делінген заңның 4-бабында.
Осы заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы» қазақ тілін меңгеру – «Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» екені жазылған.
Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламалары
Алайда 27 жылдан бері бұл «парызға» адал болған қазақстандықтардың саны қаншалықты өскені туралы нақты мәлімет жария етілген емес. Десе де, тілді дамыту үшін елімізде бірнеше рет арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданды.
Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің дамуына бөлінетін бюджет әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға негізделеді және оның мөлшері жыл сайын Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен бюджеттік жоспарларына сәйкес анықталады.
Ашық дереккөздерде жарияланған алғашқы бағдарлама – «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама». 2011 жылдың 29 маусымында қабылданған. 2019 жылдың 19 сәуірінде күші жойылған бұл бағдарламаны жүзеге асыру үш кезеңнен тұрған:
бірінші кезең: 2011 – 2013 жылдар;
екінші кезең: 2014 – 2016 жылдар;
үшінші кезең: 2017 – 2020 жылдар.
Осы құжаттағы ақпаратқа сәйкес, бағдарламаның алғашқы кезеңінде жоспарланған жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен жалпы 19 млрд 134 млн 946 мың теңге жұмсау көзделген.
2019 жылғы 31 желтоқсанында қабылданған «Тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бар. Оның күші 2023 жылдың 16 қазанында жойылған. Бұл бағдарламаны іске асыруға 2020 – 2025 жылдары «республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражат жұмсалатын болады» деп көрсетілген құжатта.
Ал жалпы осы бағдарламаны іс жүзінде орындау үшін мемлекет қазынасынан кететін жалпы шығын 16 млрд 989 млн 900 мың теңгені құрайтыны жазылған.
Тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы өткен жылы 16 қазанда қабылданды. Алайда бұл құжатта қаржыландыру көзі де, сомасы да көрсетілмеген.
Дегенмен Ғылым және жоғары білім министрлігінің құжаттарынан жүзеге асыратын бюджеттік бағдарлама үшін қарастырылған қаржы көлемін көруге болады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше 2025 жылы мемлекеттік тілді дамытуға 1,7 млрд теңгеге жуық қаржы бөледі. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 36,3%-ға көп.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік тілдегі өнімдері дамыту
Қазақ тіліндегі цифрлық өнімдерге деген сұраныс артты. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау көрсету, әсіресе, балалар аудиториясы үшін қазақ тіліндегі виртуалды ойындар мен танымдық өнімдер әзірлеу маңызды болып отыр. 2022 жылы «Steam» цифрлық дүкенінде қазақ тілі қосылып, балаларға арналған ойындарды қазақ тілінде әзірлеу мүмкіндіктері пайда болды. Сонымен қатар, Minecraft, Pubg mobile, Call of Duty: Warzone Mobile секілді танымал ойындардың қазақ тіліндегі нұсқаларын әзірлеу жұмыстары қолға алынып жатыр.
Мемлекет сонымен қатар қазақ тіліндегі мультфильмдер мен балалар контентін дамытуда қолға алып отыр. Сол үшін «Nickelodeon», «Tiji» сияқты әлемдік каналдардың контенті қазақ тіліне аударылатыны хабарланған болатын.
Өз кезегінде, Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақ тіліндегі фильмдер түсіруге қаражат бөліп келеді. Ашық дереккөздегі мәліметтерден 2023-2024 жылдары жұмсалған қаражат пен алдағы екі жылға жоспарланған қаржы көлемін табуға болады.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдасында қазақ тілін дамытуға арналған көптеген жаңа құрал мен технология бойынша индикаторлар бекітілген. Тіл үйрететін «Duolingo», «Lingualeo» секілді әлемдік веб-сервистерге қазақ тілін оқыту курстарын енгізу жұмыстары жүргізу жоспарланған. Алайда жоғарыда атап өткеніміздей тұжырымдамада бұл мақсатта жұмсалатын қаражаттың жалпы көлемі көрсетілмеген.
Әлемдік ІТ корпорацияларының дауыстық көмекшілерінің арасында Google Assistant, Siri, Alexa, Cortana, және Алиса секілді өнімдер танымал. Қазақ тілінде де сөйлейтін дауыстық көмекшіні әзірлеу бойынша жұмыстар қолға алынып жатқаны хабарланған болатын. Цифрлық министрлік бұл жобаға қанша қаржы жұмсағаны туралы ақпаратты нақтылау үшін KursivMedia арнайы сауал жолдады.
Үкіметтің 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебінен
Ал Қаржы министрлігі таратқан 2024 жылдың 11 айындағы бюджеттің орындалуы бойынша есепте, қазынадан ел азаматтарының қазақ тілін білу деңгейін бағалау үшін биыл 60 млн 352 мың теңге жұмсау көзделгені айтылған. Желтоқсан айына дейін осы қаржының 31 млн 686 мың теңгесі игеріліпті.
Осы есепте Ұлттық фильмдер шығару және фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасауды қамтамасыз ету мақсатында биыл қазынадан 578 млн 564 мың теңге жұмсау көзделгені жазылған. Он бір айдын ішінде 345 млн 147 мың теңгесі игеріліпті.
Қазақ тілін дамытумен айналысатын ұйымдар
Елімізде мемлекеттік тілді дамытумен айналысатын бірнеше ұйым бары белгілі. Оның бірі – «Мемлекеттік тілді дамыту Қоры» корпоративтік қоры. Электронды үкімет мәліметінше бұл ұйымның құрылтайшысы – «Қазақстан жазушылар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі. Қор 2008 жылы 3 қыркүйекте құрылған. Оның бюджеттен қанша қаржы алатыны туралы ресми сайтында нақты ақпарат көрсетілмеген. Дегенмен Мемлекеттік кірістер комитетіндегі соңғы бес жылдағы салық түсімдерін көруге болады.
2019 жылы – 3 489 148 мың теңге, 2020 жылы – 3 327 446 мың теңге, 2021 жылы – 3 719 514 мың теңге, 2022 жыл – 4 116 145 мың теңге, 2023 жыл – 3 691 249 мың теңге, 2024 жылы – 912 906 мың теңге төлеген.
Сонымен қатар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмыс істейді. Ол 1989 жылы құрылған.
Ресми сайтында Қазақстан бюджетінен қанша қаржы алатыны туралы ақпарат табылмады. Бірақ та Қоғамның жанынан Qazaq Tili Endowment Qory құрылған. Оның мақсаты қоғамның ұзақ әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бұл қордың жұмысы қаражат жинау.
«Эндаумент қорына жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады»,– делінген сайттағы ақпаратта.
Сонымен қатар дәл осы парақшадан Qazaq Tili Endowment Qory-на кімнен қанша қаржы аударылғанын да көруге болады. Дәл осы қорға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаражат аударғанын жазған едік.
Дегенмен қазақ тілінің дамуына бөлінген қаржы қаншалықты тиімді жұмсалып жатыр деген сауал туады. Өйткені қаншама бағдарлама қабылданып, бюджеттен қаражат бөлінсе де елімізде қазақ тілінің қолданылу деңгейі төмен аймақтар әлі де бар. 27 жыл бұрын қабылданған «Тіл туралы заңда» жазылғандай, мемлекеттік тілді меңгеру әрбір қазақстандықтың парызы екенін, елдің бүкіл азаматы түйсініп, қабылдады және орындауға ниетті деп те айта алмасымыз анық.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламаларында көрсетілген міндеттердің де толық іске асуы неғайбыл емес пе, деген де сауал туады.