Жаңалықтар

Ақтаудағы ұшақ апатынан Қазақстанның алты азаматы опат болды

Апаттан алты қазақстандық опат болды / фото: ТЖМ сайтынан

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатынан 38 адам опат болды. Бұл жөнінде мемлекеттік комиссияның жетекшісі Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ, деп жазды Tengrinews.

Ақтау қаласында өткен брифинг барысында бұл мәліметті Көлік министрі Марат Қарабаев та растады.

«Әуе кемесі Қазақстанның әуе кеңістігіне сағат 11.02 кірген, ал, 11.28 – де әуе кемесімен байланыс үзілген. Ұшақ бортында 67 адам, 62 – жолаушы, 5 – экипаж мүшесі болған. Өкінішке орай, 38 адам опат болды, 29 адам аман қалды», – деді Қарабаев.

Айтуынша, бортта Әзербайжаннан 37 адам болған. Оның 23 -і опат болған, 14- і тірі қалды.

«Қырғызстаннан үш адам болды, үшеуі де аман, Ресейден 16 жолаушы болды, жетеуі опат болды, 9-ы тірі қалды, Қазақстаннан алты жолаушы болған еді, өкінішке орай отандастарымыз опат болды. Экипаж 5 адам, оның екеуі опат болды, үшеуі тірі қалды», – деді Қарабаев

Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, Ақтауда 29 адам ауруханаға жатқызылды, олардың арасында үш бала бар. 11 науқастың халі мүшкіл. Олардың арасында 15 Әзірбайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 3 Қырғызстан азаматы бар. Тағы 2 адамның азаматтығы анықталуда.

Соңғы ақпараттарға сәйкес, ұшақ апатында опат болғандардың денесі жанып кеткен. Оларды танып-білу үшін уақыт керек. Тергеу ісіне Әзербайжан мамандары да атсалысуда.

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды.

Айта кетейік, Azerbaijan Airlines компаниясы Баку-Грозный-Баку және Баку-Махачкала-Баку бағытындағы рейстерді тоқтатты.

Осыған дейін, Ақтау маңына құлаған ұшақ ішінде алты қазақстандық болғанын жазған едік.