Қарағанды облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы азаматқа азаптау әрекеттерін жасаған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп, сотқа жіберді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, полиция қызметкерлері орташа ауыр деңгейде денсаулыққа зиян келтіру ісі бойынша куәгер ретінде шақырылған азаматқа қысым көрсеткен. Құқық қорғау органдарының екі қызметкері азаматты мәжбүрлі түрде мойындатқызу үшін оған психологиялық қысым жасап, дене жарақатын салған.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық полиция бөлімінің аға жедел уәкілдерін ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Азаптау») бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотталушылар «полиция капитаны» шенінен айырылып, жәбірленушілерге өтемақы қоры есебіне қаржылық өтемақы төлеу міндеттелді.
Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот үкімін өзгеріссіз қалдырып, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырмады.