Жаңа құрылған Алатау қаласын қаржыландыруға Алматы облысының бюджетінде қаражат жоқ. Бұл туралы Сенат отырысында депутат Жанболат Жөргенбаев айтты.
Депутат 2023 жылы кірістер жоспары орындалмай, облыс 16,7 млрд теңгенің кредиттік берешегін төлей алмай қалғанын айтты. Бұл қарыз 2024 жылдың шығынын қысқарту арқылы жабылған. Салдарынан осы жылға жоспарланған біраз шаралар кейінге қалдырылған. Енді 2025 жылға жоспарланған өңір дамуына қажетті қаражат тағы жетпейін деп тұр. Бұдан бөлек, биыл өңірге бөлінген нысаналы трансферттер көлемі де айтарлықтай қысқарған. Осының бәрін ескере келе, депутат қаржы тапшылығына байланысты Алатау қаласын дамытуға қатысты жоспардың орындалмай қалуы мүмкін деп алаңдайды.
«Жаңа бастамалар көлемді қаражатты талап етеді. Алайда бүгінгі күні Алматы облысының жергілікті бюджетінің мүмкіншіліктері бірқатар объективті себептерге байланысты шектеулі. Алматы облысы халық саны бойынша Түркістан облысынан кейін 2 орында тұр. Өңірдің бюджеттік субвенциясы төмен. Республикалық бюджетке тәуелділігі 20-30%-ды құрайды. Белгіленген республикалық бюджетке сәйкес, нысаналы даму трансферттерінің сомасы 25,5 млрд теңгені құрады. Яғни 2024 жылдың көлемінен 1,6 есеге төмен», – деді депутат.
Жөргенбаев жаңа құрылған Алатау қаласы болашақта экономикалық аймаққа айналу үшін қаланы дамыту 2050 жылға дейін жоспарланғанын, оны дамыту үшін 2025 жылға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесіне қолдау көрсетуді сұрады.
Еске сала кетсек, Алматы іргесіндегі Жетіген қаласы 2024 жылдың қаңтарында Алатау қаласы болып құрылды. Тиісті құжатқа президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 9 қаңтарында қол қойды.