Әлемнің 6 ракеткасы Елена Рыбакина аралас командалар арасындағы United Cup турнирінде Қазақстан құрамасы сапында Испанияға қарсы кездесу өткізді. Турнир Австралияның Сидней және Перт қалаларында өтіп жатыр, деп хабарлайды Теннис федерациясы.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Джессика Бузас Манейромен (WTA рейтингінде 54-орын) кездесіп, екі сетте (6:2, 6:3) сенімді жеңіске жетті. Осылайша, Рыбакина Қазақстан мен Испания арасындағы есепті теңестіріп (1-1), ұлттық құраманың намысын қорғады. Бұған дейін Александр Шевченко испандық Пабло Каррено-Бустеге екі сетте (2:6, 1:6) есе жіберген еді.
Турнир 2025 жылдың 5 қаңтарына дейін жалғасады. Қазақстан құрамасы «С» тобына түсіп, Испания және Грекия командаларымен бақ сынасады. Ұлттық құрама сапында Елена Рыбакина, Жібек Құламбаева, Александр Шевченко, Дмитрий Попко және команда капитаны Александр Недовесов өнер көрсетеді.