Жаңа жылдық дастарқанға қажетті заттарды алып қойдыңыз ба? 2025 жылды қарсы алу үшін қанша қаржы жұмсадыңыз? 2024 жылды қарсы алған кездегі айырмашылықты аңғардыңыз ба? KursivMedia жаңа жылдық дастарқанда дәстүрлі түрде тұратын тағамдарға қанша қаржы кететінін есептеп, былтырғымен салыстырып шықты.
Ет. Жаңа жылда молшылық болсын деген ниетпен қазақстандықтар азық-түлікке қаражатты аямай жұмсайды. Дастарханның қақ ортасында асылған ет тұрады. Әдеттегідей тізім бойынша сауда орталығына барып, бас табаққа қажетті сиыр етімен қоса, тіске басар даярлауға өзге де ет түрлерін аламыз. Сиырдың төс етінің 1 килограммы 4 700 теңге (былтыр – 2 500 теңге болған), форель балық 1 кг 6 400 теңге (былтыр 5 000 теңге), тауық еті 1 кг 2 200 теңге ( былтыр 1 500 теңге). Бас табаққа қамыр, дастарханға бауырсақ керек. 5 кг ұн 2 100 теңге (былтыр 1 600 теңге)болса, 1 литр күнбағыс майының бағасы 800 теңгеден (былтыр 600 теңге) басталады.
Салат. Әдеттегідей дастарханға дәстүрлі оливьені жасаймыз. 1 кг қазақстандық картоп 340теңгеден (140 теңге) сатылса, 1 кг қазақстандық жуа 175 теңге (90 теңге), 1 кг қазақстандық сәбіз былтырғы бағада, яғни 190 теңге, 1 кг қызылша 210 теңге (180 теңге), майлылығы 15% 800 г майонез 1 050 теңге (800 теңге), сервелат шұжықтың 500 г 1 300 теңге (1 100 теңге), 10 дана жұмыртқа 850 теңге (685 теңге), 425 г жасыл бұршақ жаңа жылдық жеңілдікпен 180 теңге(былтыр 280 теңге) болады.
Сусын. Ізгі тілектерді білдіріп, тост көтеріп, сағат тілі түнгі 12-ні соққанда шампан атпақ болсаңыз, ең арзан шампанның бағасы 750 мл үшін 1 500 теңге (1 000 теңге), Coca Colа 1 литрі 410 теңге (379 теңге), 1 литр апельсин шырыны 510 теңге (335 теңге). Қоюлатып сүтпен шәй ішетін болсаңыз, майлылығы 3,2% 1 литр сүт 480 теңге (400 теңге), 250 г қара шәй жаңа жылдық жеңілдікпен 1000 теңге (былтыр 1200 теңге), 1 кг құмшекер 410 теңге (былтыр 475 теңге) болады.
Жеміс-жидек. Дастарқанның сәнін кіргізіп, жылы жақтардан келген жемістермен толтыруды қаласаңыз, 1 кг қытайлық мандарин 955 теңге (900 теңге), 1 кг қазақстандық алма былтырғы бағасын сақтаған, 600 теңге. 1 кг Эквадордан келген банан жаңа жылдық жеңілдіктермен 855теңге (900 теңге), 1 кг Коста-Рикадан келген ананас 1 100 теңге (830 теңге) бағада тұр.
Қорыта келгенде, сіз барлық тауар түрлерін 1 кг немесе 1 литр көлемімен өлшеп алатын болсаңыз, жаңа жылдық дастарханның құны 30 мың теңгеге жуық шығады. 2024 жылды күткенде дәл осы жаңа жылдық дастарқанған 20 мың теңге қажет еді.