2024 жылдың ең табысты валютасы белгілі болды
2024 жылдың ең табысты валютасы – аргентиналық песо болды. Әлемдік валюталар жайлы есептеуді GMA Capital атты консалтинг компаниясы жүргізген. Компания мамандарының мәліметінше, осы жылы басқа әлемдік валюталарға қарағанда аргентиналық песо елдегі инфляцияны есептегеннің өзінде 44,2%-ға ұлғайған. Ал екінші орында 21,2% өсім көрсеткен түркиялық лира тұр.
Ресми курс бағамының нығаюынан, 2023 жылдың желтоқсанынан бастап 2024 жылдың қазаны аралығында Аргентинадағы орташа жалақы мөлшері екі есеге яғни 990 долларға дейін өсті. Бұған дейін жеті жыл бойы қатарынан песо тек құнсызданып келген еді. Ресми және ресми емес курс бағамдарының арасындағы айырмашылық 20%-ға азайды. 2023 жылы желтоқсанда айырмашылық 200%-ды құрайтын еді
Аргентиналық песоның күрт нығайып кетуі елдің жаңа президенті Хавьер Милейдің экономикалық саясатының нәтижесінде болды деп жазады мамандар. Ол валюталық бақылауды күшейтіп, қатаң экономика саясатын ұстанды. Соның нәтижесінде песо нығая алды. Жыл басынан бері елдегі инфляция 112% болғанына қарамастан, песо бар болғаны 18% құнсызданған.
Бірақ валютаның нығаюы ел бюджетіне үлкен салмақ түсіріп отыр. Аргентинаның Орталық банкі песо курсын ұстап тұру үшін өте үлкен мөлшерде доллар жұмсады. Енді бос қалған шетелдік валюта резервтерін толтыруға тырысып жатыр. Сарапшылар песо курсы нығая түскенмен, кенеттен девальвация болу қаупі бар дегенді айтады. Әсіресе, Дональд Трамп президент болғаннан кейін, АҚШ тарапынан жаңа шектеулер енгізілу қаупі бар.
«Милейдің бағдарламасы жұмыс істейді. Бірақ песоның күшеюі – болашақ үшін қауіпті де. Егер песо бұдан ары қарай нығайып жатқанда, аяқ асты сыртқы жағдай күшейсе, арзан долларға деген сұраныс артып кетеді. Ол девальвация қаупін төндіреді», – дейді BancTrust инвестициялық банкінің зерттеу бөлімінің басшысы Рамиро Блазкес.
2025 жылы Милей валюталық шектеулерді алып тастап, песо бағамын еркін айналымға жіберсе, аргентиналық экономика үшін үлкен сынақ болғалы тұр.
Песомен салыстырғанда теңгенің жағдайы мәз емес. 2024 жылдың басында доллар бағамы 449 теңге болса, жыл соңында ресми бағам бойынша, 517 теңгеге жетті. Сонда бір жыл ішінде доллар биржада 68 теңгеге қымбаттаған.