«Отбасы банк» ислам ипотекасын іске қосуды қолға алмақ
«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Отбасы банк» Қазақстандағы исламдық қаржы индустриясын дамытуды қолға алмақ. Астанада «Отбасы банк», Қазақстан құрылысшылар одағы және Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы (AIFB) осындай меморандумға қол қойды.
Тараптар арасындағы серіктестік пен бірлескен ынтымақтастық Қазақстанда исламдық қаржыландыру мен исламдық ипотекалық құралдарды дамытуға және ілгерілетуге ықпал етеді.
Алғашқы кезеңде тараптар бірлесе жұмыс істеуді ұйғарып отыр. Алдымен, заңнаманы зерделеп, тиісті өзгертулер енгізуді көздейді. Исламдық қаржыландыру саласында бірлескен оқыту семинарлары мен вебинарлар өткізуге, бірлескен сараптамалық, ақпараттық, талдау және зерттеу жұмыстарын жүргізуге бастама көтерген.
«Біз сарапшылар тобымен және құрылысшылар қауымдастығымен бір емес бірнеше рет кездесіп, Қазақстанда исламдық ипотекаға сұраныстың жоғары екеніне көз жеткіздік. Діни ұстанымдағы азаматтарымыз ақшаны өсімге алмауы, пайдаланбауы керек. Бірақ оларға да өзге азаматтарымызға сияқты жеке баспана қажет. Біз бір қоғам және мемлекетпіз, бізде діни сенім бостандығы бар және сенімі баспана мәселесін шешуге мүмкіндік бермейтін қазақстандықтарға қолдау көрсетуіміз керек», – дейді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Оның айтуынша, «Отбасы банк» 2025 жылы исламдық ипотеканы іске қосу жұмыстарын бастамақ.
«Бізде ислам ипотекасы қарастырылмаған тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы заң бар. Алайда заңнамалық бастамалар заңда «исламдық терезе» деп аталатын жеке бөлімді құруға және ислам ипотекасын алу үдерісін сипаттауға көмектеседі», – деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.
Шариғат қағидалары бойынша, өсімпұл болмауы тиіс. Сондықтан банк болашақта тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін пайдаланып, исламға сәйкес тұрғын үйді сатып алу жолдарын қарастырмақ.
Сонымен қатар банк CSQlaw атты малайзиялық компанияның Қазақстандағы филиалымен меморандумға қол қойды. Бұл компания «Отбасы банк» қызметкерлерін шариғатқа сай қаржылық құқық негіздері мен исламдық қаржыландыру бойынша кешенді түрде оқытпақ.
Мұның алдында«Отбасы банк» депозиттеріне мемлекеттік сыйақы төлеуге қатысты норма өзгеруі мүмкін екенін жазған едік.