Bloomberg әлемдегі ең бай 500 адамның тізімін жариялады. Бірақ тізімде қазақстандықтар жоқ.
Әлемдегі ең дәулетті бизнесмендер қалай байып жатыр?
Тізімдегі бірінші орында – Илон Маск, байлығы 426 млрд доллар деп бағаланып отыр. Бұл Қазақстанның екі жылдағы ЖІӨ-не тең (2023 жылы – 261 млрд доллар). Екінші орында Amazon-ның негізін қалаушы Джеф Безос тұр, дәулеті 241 млрд долларды құрайды. 500 кәсіпкер тізімін 6,17 млрд доллар байлығымен Дэвид Сигел аяқтайды.
Ең бай 500 адамның жалпы дәулеті 10 трлн доллардан асады. Бір жыл ішінде олардың табысы 1,5 трлн долларға көбейген.
Қызығы, тізімдегі алғашқы ондықтағы кәсіпкерлердің барлығы дерлік технология саласында бизнесін жүргізіп отыр. Олардың ішінде Tesla, Meta, Amazon, Google тәрізді алпауыт корпорациялар бар. Илон Маск, Сергей Брин, Майкл Делл, Джеф Безос сияқты кәсіпкерлер компанияның іргетасы қаланған сәттен бастап жұмысын жүргізіп келеді.
Әлемдегі ең бай кәсіпкерлердің тізімінде KAZ Minerals иесі Владимир Ким 471-орында тұр. Оның байлығын 7,7 млрд доллар деп бағалап отыр.
Бұл жаңалық өзгертілді. Осыған дейін ақпаратта Bloomberg 500 тізімінде қазақстандықтар жоқ деп жазылған еді, тексеруден кейін толықтыру енгізілді. Оқырмандардан кешірім сұраймыз.