«ҚазМұнайГаздың» баспасөз қызметі компанияның болгариялық мұнай өңдеу зауытын сатып алу үшін конкурсқа шақырылғанын хабарлады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ны «ЛУКОЙЛ» компаниясы Болгариядағы «ЛУКОЙЛ Нефтохим Бургас» мұнай өңдеу зауытын сатып алу жөніндегі конкурсқа қатысуға шақырды. Бұған қатысты мәселелер талқыланып жатыр», – делінген компания өкілі таратқан хабарламада.
Компания зауытты сатып алу бойынша жоспарын «халықаралық энергетика нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады» деп түсіндіреді. Қазір «ҚазМұнайГаз» иелігінде Румыниядағы «Вега» және «Петромидия» атты (ҚМГ үлесі – 54,63%) екі мұнай өңдеу зауыты бар.
Бұған дейін Bloomberg құпия дереккөздеріне сілтеме жасап, «ҚазМұнайГаз» ресейлік «Лукойлға» тиесілі болгариялық зауытты сатып алмақшы екенін хабарлаған.