Қазақстандықтар 7 ақпанға дейін Қытайдағы жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсыруы керек. Қытай үкіметі бакалавриат, магистратура және докторантураға 44 грант бөледі.
Студенттер екі ел арасындағы келісім бойынша тегін оқи алады. Оған қоса жатақханадан орын беру және медициналық сақтандыруды рәсімдеу қарастырылған.
Қытайда оқитындар үшін шәкіртақы төленеді:
Бакалавриат – 2 500 қытай юаны,
Магистратура – 3 000 қытай юаны.
Үміткерлер Қытай стипендиялық кеңесі сайтында онлайн тіркеуден өтеді.
«Құжат 2025 жылғы 9 қаңтардан бастап 7 ақпанды қоса алғанда «Электрондық үкімет» (Egov.kz) порталы арқылы немесе «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ға қолма қол қабылданады», – деп хабарлады халықаралық бағдарламалар орталығы.
ЖОО-ға «Электрондық үкімет» порталы арқылы құжат тапсыруға болады.
Қазақстандықтар құжат тапсырғаннан кейін, сараптамалық комиссия мүшелерімен кездеседі. Үміткердің шет тілін жеткілікті білуі жоғары балл жинауына әсер етеді. Білім туралы құжат көрсеткіші де рөл атқарады. Комиссия баға бергеннен кейін оқуға қабылданады.
Егер талапкерлер бағасы тең болған жағдайда олардың әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Айта кетейік, Қытай Қазақстанда ЖОО филиалдарын ашуға мүдделі екенін хабарлады.