Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайына қатысты пікір білдірді. Вице-премьер халықтың тұрмысы мен әлеуметтік әлеуеті төмен дегенмен уәжбен келіспейді.
Үкімет отырысынан кейінгі брифинг барысында БАҚ өкілі Қазақстанда қазіргі уақытта айыппұлдардың саны мен салықтың өсуі, есепшоттардың бұғатталуы сынды жағдайлар жиі орын алып жатқанын айтты. Осы мәселелерге қатысты шағымдардың көп екенін жеткізіп, Дүйсеновадан халық ереуілге шығып кетпей ме деп сұрады.
Десе де Тамара Дүйсенова бұл пікірмен мүлдем келіспейді.
«Біріншіден жергілікті және республикалық бюджеттің 50 пайызынан астамы қазір әлеуметтік көмек пен қамсыздандыру бағдарламасына жүргізіліп жатыр. Сондықтан біз толық мемлекет азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап жатыр деп айтуымызға болады,- деді Дүйсенова.
Вице-премьер 2025 жылы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне 6,1 трлн теңге жіберіліп жатқанын және әрбір төртінші қазақстандық мемлекеттен әлеуметтік көмек алып жатқанын айтады.
«Елдің әлеуметтік жағдайы нашарлады деп айта алмаймын. Мәселен, біз биыл зейнетақыны көтердік. Олардың орташа көлемі 150 мың теңгеден асты. Әлеуметтік жәрдемақыға келсек, бірінші топтағы азаматтар алатын жәрдемақы 100 мың теңгеден асты. Тек қана жәрдемақыны айтып отырмын. Біздің бюджеттің 50 пайызы азаматтарға әлеуметтік көмек беру үшін жұмсалып жатқан болса, әрбір төртінші қазақстандық мемлекеттен көмек алатын болса, онда әлеуметтік бағдарламаға қаралған қаражат кемімегенін айтуымызға болады», – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Айта кетейік, Қазақстанда кедейлік шегін есептеу өзгеретін болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2024 жылдың 20 желтоқсанда «Кедейлік шегін анықтау туралы» заң жобасына өзгеріс енгізді. Жаңа өзгеріс бойынша, кедейлік шегін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі емес, медианды табысқа назар аударылады. Яғни ай сайынғы кірісі – медианды табыстың 35 %-на тең болса, ол адам кедейлік шегінде деп есептеледі.