Қазақстанға кіруіне ресми түрде тыйым салынған ресейлік режиссер және журналист Тигран Кеосаян клиникалық өлімнен кейін комаға түсті. Бұл туралы оның әйелі, журналист Маргарита Симонян хабарлады.
«Соңына дейін бұл туралы айтуды қаламадым. Бірақ журналистер хабарласа бастағандықтан, өзім жаздым. Күйеуім Тигран Кеосаян клиникалық өлімнен аман қалғаннан кейін комаға түсті. Оның жүрегі бұрыннан ауыратын еді», – деп жазды журналист.
РБК мәліметі бойынша, Кеосаян 1966 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген. Кеңестік режиссер және сценарист Эдмонд Кеосаянның ұлы. Кеосаян курстасы Федор Бондарчукпен бірге бейнебаян түсіре бастаған. Кейіннен фильм түсіріп, телеарнада жүргізуші болған.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың сәуір айында ол телеарнадағы бағдарламасы кезінде Қазақстан мен оның халқына қатысты теріс пікір айтып, оның сөзі қазақ қоғамында наразылық тудырған. Бұған Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жауап беріп, Кеосаянға Қазақстанға кіруге тыйым салған.
26 желтоқсанда Кеосоянның әйелі Маргарита Симонян «Эхо» радиостансасында «Ресей Қазақстанға тағы да әскер жіберсе қуана қабылдайтынын» айтты.