Павлодар облысында алтын өндіретін ірі кәсіпорын – «Майқайыңалтын» компаниясының акционері ауысты. Оның акцияларын «Алтыналмас» компаниясы сатып алған. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа сілтеме жасап, Ratel.kz басылымы хабарлайды.
«Майқайыңалтын» кімге тиесілі еді?
«Майқайыңалтын» – Павлодар облысындағы ірі тау-кен кәсіпорындарының бірі. Ол алтын, мыс және мырыш өндірумен айналысады. 1932 жылы құрылған бұл кәсіпорын «Майқайың» мен «Алпыс» кен орындарын жер асты әдісімен игеріп келеді. 2023 жылғы аудиторлық есепке сәйкес, оны қазір кипрлік Rence Enterprises LTD компаниясы басқарады. Бұл компанияның иесі – Rence Gold Mountain Holdings Limited. Оның түпкі иесі Сербия азаматы – Милан Попович деп жазылған.
Компания жылына 300-500 мың тонна кен өндірсе, өнімнің бір бөлігі Ресейде өңделеді.
2024 жылдың қараша айында Қаржы министрлігі компанияны мониторинг жүргізілетін ірі салық төлеушілердің қатарына енгізді.
Жаңа акционері кім?
Компанияның жаңа акционері – «Алтыналмас» АҚ Қазақстандағы ең ірі 3 алтын өндіруші компанияның қатарына кіреді. Оның Қарағанды, Ақмола, Жамбыл және Абай облысында алтын өндіретін кен орындары бар. Жалпы 13 еншілес компанияға иелік етеді.
2024 жылдың 30 қыркүйектегі қаржы есебінде «Алтыналмастың» негізгі акционерлері: Gouden Reserves B.V. – 60% акциясын, Владимир Жұманбаев – 22,5% акциясын иеленетіні жазылған. Компанияның түпкілікті иесі және бақылаушы тарапы – Family Trust атынан әрекет ететін Trustee Pte Ltd компаниясы екені көрсетілген.
Майқайың шахтасындағы апат
2024 жылдың басында «Майқайың» шахтасында автобус құлап, 4 құтқарушы опат болған. Екеуінің денесі бірден, екі құтқарушының мәйіті бірнеше айдан соң табылды. 2024 жылы 5 шілдеде 75 метр тереңдіктегі үйінді астынан автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің денесі шығарылды.
.Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Майқайың» басшылығын автобус апатына толық кінәлі деп таныды. Күзде «Майқайыңалтын» АҚ экс-директоры мен 5 жетекші қызметкері ұсталды.
Сонымен қатар былтыр желтоқсан айында «Майқайыңалтын» шахтасында тағы бір жұмысшы көлік астына түсіп, қаза тапты.