Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Мұхтар Мағауиннің қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
«Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген Ақорда жария еткен жеделхатта.
Айта кетейік, Астана уақытымен 10 қаңтар сағат таңғы 5:55 шамасында АҚШ-тың Мерилэнд штатында 85 жастағы Қазақстан Халық жазушысы Мұхтар Мағауин дүниеден өтті. Бұл туралы жазушының баласы Едіге Мағауин хабар берген. Жазушы 2007 жылы Қазақстаннан Чехияға қоныс аударып, кейіннен АҚШ-та, Түркияда өмір сүрген.
Мағауин Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Ұлан-Батырдағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі болған. Жазушының елге белгілі «Көк мұнар», «Аласапыран», «Мен», «Қобыз сарыны» және т.б. шығармалары бар.