Lifestyle

Алматының хайуанаттар бағында 25 жыл тіршілік еткен Хан есімді керік өлді

Алматыда 25 жыл тіршілік еткен Хан есімді керік өлді / фото: almatyzooo

Бойы бес метрге жуық жануар қаладағы хайуанттар бағында 25 жыл тіршілік еткен. Адам өмірімен есептегенде, бұл 95 жасқа тең. Бұл туралы Алматының зообағы хабарлады.

Зообақтың мәліметінше, жабайы табиғатта керіктер шамамен 20 жыл өмір сүреді және бұл жастан асатындары сирек кездеседі. Хан Алматы хайуанаттар бағына Оңтүстік Африка Республикасынан әкелінген. Ол жергілікті ауа райына, осындағы ортаға тез бейімделіп, келушілердің сүйікті жануарына айналды.

Ширек ғасыр ішінде Алматы зообағында Ханның 12 ұрпағы дүниеге келді. Қазір Ханнан туған Батыр, Ханзада және Сұлтан атты кішкентай керіктер зообақ қызметкерлерінің қамқорлығында және келушілерді қуантып жүр. Ал Ханның басқа төлі Мәскеу, Краснодар өлкесі, Шымкент, Ташкент, Ақтөбе, Ферғана хайуанаттар бағына берілген.

«Хан кешкісін өте белсенді болды. Өзіне берілген жем-шөбін тауысып жеді. Аздап ақсап жүретін. Таңға жуық ол жерге жатып қалды. Әдетте, керіктер толық денесімен жерге жатпайды. Керік үшін 25 жас – адамның 95 жасындай болады. Біз оны бәріміз жақсы көрдік, келушілер де оны жақсы көретін. Ұзақ жылдар бойы Ханға қамқорлық көрсетіп, күтім жасаған барлық қызметкерге алғыс айтамыз» – деді «Тұяқты жануарлар» секциясының меңгерушісі Балабек Махатов.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Мауланов Амангелді Ханның жалпы жағдайы жақсы болған, оның бойында инфекциялық және бақса да қатерлі дерт болмағанын айтты.