Еуропадағы ең ірі зейнетақы қоры саналатын нидерландтық ABP қоры Tesla компаниясындағы барлық акциясын сатты. Компания мұндай шешімге 56 млрд доллар көлеміндегі сыйақыға байланысты туындаған келіспеушіліктен кейін барған.
ABP қоры иелігіндегі Tesla-ның 2,8 млн акциясын 2024 жылдың үшінші тоқсанында сатқан. Акционерлер Илон Маскқа рекордтық деңгейде – 56 млрд доллар көлемінде сыйақы төлеу туралы шешім қабылдаған. Ал ABP қоры мұндай шешімге түбегейлі қарсы.
Сондай-ақ акцияларды біржолата сатып жіберуге компаниядағы еңбек жағдайы да себеп болған. Сонымен қатар шешім қабылдау кезінде шығындар, табыстылық пен инвестициялау талаптары да ескерілген.
Fortune журналының бағалауынша, сатылған акциялардың құны 571 млн еуроға тең.
Илон Маск Tesla-дан жалақы алмайды. 2018 жылы акционерлер компания басшысына қаржылық нәтижелерге байланысты 303 млн акцияға опцион беруді мақұлдаған. Бұл – сол кездегі Tesla-ның барлық акциясының шамамен 12%-ы.
2024 жылдың маусымында Tesla акционерлері Маскқа сыйақы төлеуді көпшілік дауыспен қолдады. Ол кезде бұл акциялар пакеті 56 млрд долларға бағаланған. Дегенмен, институционалдық инвесторлардың пікірі екіге бөлінді. Норвегияның ұлттық әл-ауқат қоры, Norges Bank және Калифорнияның CalPERS зейнетақы қоры шешімге қарсы шықты. ABP қоры да осы қатарда болды.
13 қаңтар, дүйсенбі күні премаркетте Tesla акциялары 3%-ға төмендеді.