Санкция құрсауындағы қазақстандық компания бюджетке қанша қарыз?
Қазақстандық Da Group 22 компаниясы бірнеше рет Ресейге қарсы салынған санцияға іліккен. Сонымен қатар қайталама санция қаупін төндіретін компаниялар тізіміне енгенімен, әлі жабылмаған. Бұл туралы Informburo.kz сайтына Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) хабарлаған. Мекеменің 1,7 млн теңге салық берешегі бар.
«Компанияны жабу туралы шешімді компания иелері шығарады. Қазіргі кезде салық органдарының компанияны мәжбүрлеп жабуына негіз жоқ. Компанияны ерікті жабу туралы сауалды компания құрылтайшыларына қою керек», – деген МКК.
Аталмыш компания 2024 жыл басында АҚШ санкциясына ұшыраған. Ал былтыр жазда қайталама санцияған ұшыраған ұйым тізіміне енді. Осы кезде ЕуроОдақтың санкциясына ілікті.
Жыл басында Жапония Ресейге қарсы санкциясын кеңейтіп, бұл компания тағы да санкцияға ұшырады. Жапония бұл компанияларды Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектескен деп айып тақты.
Egov дерегі бойынша, компанияның негізі 2022 жылы қаланған. Электронды және телекоммуникациялық жабдықтар мен олардың қосалқы бөлшектерін сатумен айналысады. Бірінші басшысы мен құрылтайшысы ретінде Носаева Лиля көрсетілген.
Ашыла салып, бюджетке қомақты салық төлеген. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша, компания 2022 жылы 216,6 млн теңге салық төлесе, 2023 жылғы салығы 130,6 млн теңгені құраған.
Алайда 2024 жылы компанияның ісі кері кеткендей. Өйткені екі жыл қатарынан миллиондаған салық төлеген компания былтыр қарыз болып қалған. Ресми дерек бойынша 1,7 млн теңге салық қарызы бар.