Доллар тағы қымбаттады: теңгенің әлсіреуіне Ресейге салынған санкциялар әсер етті ме?

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

13 қаңтар, дүйсенбі күні доллар тағы қымбаттап, ұлттық валюта құнсызданды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықта доллар бағамы орта есеппен 1,83 теңгеге қымбаттап, 528,71 теңгені құрады. Ал айырбастау пункттері көк қағазды 532-533 теңгеден сатып жатыр.

Осы ретте сарапшылар теңгенің құнсыздауына өткен апта соңында Ресейге салынған жаңа санкциялар пакеті әсер етуі мүмкін деген болжам жасайды.

АҚШ Ресей мұнайына санкция салды

Өткен апта соңында АҚШ Ресейге тағы да санкция салды. Бұл жолы санкцияға Ресейдің мұнай-газ саласындағы 200-ге тарта компаниясы мен мұнай тасымалдайтын танкерлер ілікті.

Бұл ретте экономист Ғалымжан Айтқазин өз телеграм-арнасында Ресейдің мұнай-газ секторына санкция салынуы көрші ел бюджетінің кірісі және сол елдегі шетел валютасының азаюына әкеп соғатынын жазады. Оның пікірінше, алдағы уақытта Ресейде мұнай өндірісі кеміп, экспорттан түсетін қаржы да қысқарады.

«Бұл жағдай РФ валюта нарығына, әсіресе, рубльге қысымның артуына әкеледі. Қазақстан экономикасы рубль бағамын ғана емес, АҚШ долларының күшеюінен болатын әсерді де сезінетіндіктен, бұл үлкен сынақ болмақ. Мәселен, АҚШ долларының индексі (DXY) 110 деңгейіне жетіп, соңғы екі жылдағы ең жоғары мәнге ие болды. KASE биржасындағы теңге бағамы 13 қаңтар күні 0,5-0,6%-ға төмендеп, 529-530 деңгейіне жетті. Бұл сыртқы факторлардың Қазақстан экономикасына қысым көрсетінін байқатады», – деп жазады Айтқазин.

Алайда экономист Арман Бейсембаев теңгенің әлсіреуіне әсер еткен факторлардың бірі осы болғанымен, негізгісі бұл емес деген пікірде.

Сарапшының айтуынша, нарықтағы қазіргі жағдай (мұнай бағасы 81$ дейін өсті, рубльдің долларға шаққандағы бағамы әлсіреді) керісінше, теңгенің нығаюына ықпал етуі тиіс еді. Алайда жағдай кері қалыптасты, теңге бағамының құбылуы түсініксіздеу болып тұр.

«Теңгенің қазіргі кұнсыздануын доллардың басқа валюталарға қатысты қымбаттауымен түсіндіруге болады» ,- дейді Арман Бейсембаев.

2025 жыл басталғалы доллар-теңге бағамы біршама құбылды. KASE-дегі мәліметтерге сәйкес, теңге 6 қаңтар күні біршама әлсіреп, 1 доллар шамамен 528 теңге төңірегінде болған. 8-9 қаңтар күні саудада теңге сәл нығайған еді.

Сондай-ақ оқыңыз