Бүгін, 13 қаңтарда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірлігіне келді. Президент БАӘ басшысы шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен кездесті. Іскерлік кездесу Shatie сарайында ұйымдастырылды.
Тоқаев 2023 жылы Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен жүзбе-жүз сөйлескенін, сол уақытта маңызды келісімдер жасалғанын атап өтті.
– Былтыр БАӘ-ден келген тікелей инвестиция көлемі екі есеге ұлғайды. Абу Дабидегі кездесу барысында біз тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткіземіз деп мақсат қойдық. Екі ел үкіметтері сауда-саттықтың оң қарқынын – қалыптастыру үшін нақты экономикалық күн тәртібіне мән бергені жөн, – деді Президент.
Ақорда мәліметі бойынша Біріккен Араб Әмірлігі Қазақстанға қаржы құйған он ірі инвестор-елдің қатарында.
– Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларацияны жүзеге асыруға Сіздің тарапыңыздан қолдау көрсетіледі деп сенеміз. Бұл құжат аясында Әмірліктердің компанияларымен көлік-логистика, энергетика, қаржы, туризм және басқа да көптеген салада белсенді ынтымақтастық жүргізіп келеміз, – деді Тоқаев.
Әл Нахаян 2025 жылы Қазақстанмен байланыс аясын кеңейтуге мүдделі екенін айтты. Халықаралық және аймақтық деңгейдегі келіссөздер барысында Астананың рөлі зор екенін бағалаған.
14-15 қаңтар күндері «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» өтеді. Халықаралық саммитке бірнеше мемлекет басшылары келеді.