Жаңалықтар

Елдегі 296 кәсіпорынның қызметкерлері алдындағы қарызы 4,5 млрд теңгеге жетті

Түрлі ұйымдарда 8,1 мыңға жуық еңбек құқығы бұзылған / Фото: kursiv.media архиві 

Қазақстанда өз қызметкерлеріне уақытылы жалақы төлей алмай отырған 296 кәсіпорын бар. Бүгінде жалақы бойынша берешек сомасы 4,5 млрд теңгені құрап отыр. Осылай деп мәлімдеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдар мен кәсіпорындарға жүргізілген тексеріс нәтижелері бойынша 2024 жылдың қорытындысын жариялады.

Жалақы бойынша берешектен бөлек түрлі ұйымдарда 8,1 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталған.

«Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 251 ұйғарым берілді және 51 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды»,- деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Еңбек инспекторлары жалақы бойынша қарыз мәселесіндегі кемшіліктерді жойып, 17,7 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғаған. Осылайша оларға 2,2 млрд теңге төленген.

«2024 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 577 тексеру жүргізді. Тексеріс барысында 8 122 бұзушылық анықталды. Оның ішінде: еңбек саласында – 6 219; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 835; халықты жұмыспен қамту бойынша – 68. Жұмыс берушілерге 3 326 ұйғарым беріліп, 408,5 млн теңге сомасына 3 548 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 36,4 мыңнан аса жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды»,- делінген хабарламада.

Осыған дейін еңбек инспекторлары жалақы төлемеген жұмыс берушілерге 1224 ұйғарым беріп, 170 млн теңгеден астам сомада айыппұл салған болатын.