Қырғыз әншісі Қайрат Примбердиевтің қазақ ханы Кенесары Қасымұлының өлімі үшін қазақ халқынан кешірім сұрауы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Әнші бұл пікірін қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында айтып, тарихи оқиға үшін кешірім сұрады.
«Тарихта Біздің Ормон хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болған. Мен қазақ халқынан болған жағдай үшін өз атымнан кешірім сұрағым келеді. Қазір жылағым келіп тұр. Біз Кенесары ханның басын қайтарып, Құран оқып, оны лайықты түрде ақтық сапарға шығаруымыз керек», – деді Қайрат Примбердиев.
Әншінің бұл мәлімдемесі қырғыз қоғамында қарама-қайшы көзқарастар туғызды. Кейбір азаматтар оны қолдап, тарихтағы қайғылы оқиғаны түсіністікпен қабылдау керек десе, енді бірі әншіні сынға алды.
Қайрат Примбердиев әлеуметтік желіде сынға қалғаннан кейін, өз инстаграм парақшасында қырғыз халқына түсіндірме ретінде бейне жазба жариялады. Әншінің айтуынша, оның пікірін халық дұрыс түсінбей, кейбір мәлімдемелері контекстен тыс алынып, қате қабылданған.
«Мен ішкі жан дүниемнен шыққан сөздерімді айттым. Алайда кейбір контекстен алынған сөздер түсінбеушілікке әкелді. Сұхбатта мен Кенесары хан мен Ормон ханға байланысты тарихи оқиғалар туралы айттым. Бірақ мен кешірім сұраған кезде тек өз ойым мен өкінішімді білдірдім, қырғыз халқының атынан сөйлеген жоқпын», – деп түсіндірді Қайрат Примбердиев.