Жаңалықтар

Ұлыбритания Google іздеу сервисіне 9 ай бойы тексеріс жүргізеді

Ұлыбритания Google іздеу сервистерін тексереді / Фото: kursiv.media архив

Ұлыбританияның монополияға қарсы реттеушісі Google іздеу сервистерін тексереді. Бұл туралы Reuters басылымы хабарлады.

Ұлыбританияның Бәсекелестік және нарықты бақылау агенттігі Google-дың тұтынушылары мен бизнеске, соның ішінде жарнама берушілерге, жаңалық шығарушыларға және бәсекелес іздеу жүйелеріне әсерін тексермекші.

Агенттік бұл шаралардың экономикалық өсу үшін қолға алынып отырғанын мәлімдеген. Сондай-ақ елде бәсекелестіктің тиімді жұмыс істеуі үшін маңызды шаралар қабылдау туралы шешім қабылданғанын жеткізген.

«Миллиондаған адамдар мен компаниялар Google іздеу жүйелеріне және жарнамалық қызметтеріне сенім білдіріп отыр. Түрлі сұраныстардың 90%-ы осы платформада жүргізіледі. Осы платформада 200 000-нан астам бизнес жарнамалар жарияланып тұрады. Біздің мақсат – адамдардың іздеу қызметтерінде таңдау мен инновациялық артықшылықтарға ие болуын қамтамасыз ету», – деп мәлімдеген агенттік директоры Сара Карделл.

Ұлыбританияның Google сервистеріне тексеріс бастауына АҚШ прокурорларының қараша айында судьядан Google-дың Chrome браузерін сатуын талап етуі себеп болған. Өйткені АҚШ прокурорлары компанияны онлайн іздеу нарығында бәсекелестеріне жол бермей монополия орнатып отыр деп санайды.

Сонымен бірге Ұлыбритания реттеушісі Google компаниясының тұтынушылық деректердің үлкен көлемін жинау және пайдалану шарттарын тескеретінін жеткізді.

Тексеріс шаралары тоғыз айға дейін созылуы мүмкін. Бұл тексеріс нәтижесінде агенттік Google-ға деректермен басқа компаниялармен бөлісу туралы талап қоюы мүмкін. Сондай-ақ реттеуші Google-дың жасанды интеллекті қызметінің баспагерлер жариялаған деректерді қалай пайдаланатыны туралы ақпараттармен бөлісуді талап етуі де ықтимал.