27 жастағы астаналық домбырашы Әлібек Қайырбек 5895 метр биіктікте орналасқан Килиманджаро шыңына шығып «Адай» күйін тартты. Бұл туралы Әлібек өзінің инстаграм парақшасында бөлісті.
«Қазақтың домбырасы бұрын-соңды естілмеген жерде шырқалды. Бұл жай ғана сапар емес, бұл — біздің мәдениетімізді әлемге музыка арқылы таныту миссиясы», деп жазды Әлібек.
Әлібек Қайырбек 6 қаңтар күні Астанадан Стамбұлға, одан кейін Килиманджароға бағыт алды. Экспедиция 2025 жылдың 6–11 қаңтары аралығында өтті. Шыңға көтерілу 11 қаңтарда таңғы уақытта Ухуру шыңында аяқталды. Сол жерде ол домбырамен ұлттық күйлерді орындады.
Айта кетейік, Әлібек Бұған дейін, 2024 жылдың тамызында, Еуропаның ең биік нүктесі — Эльбрусқа шығып, онда да домбыраның үнімен қазақ мәдениетін танытқан еді.