Жаңалықтар

Депутат Берденовке шүйліккен букмекелердің аппеляциялық шағымын сот алқасы қанағаттандырған жоқ

фото: pixabay

«Қазақстан Букмекерлер Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі Мәжіліс депутаты Берденовпен соттасып жеңіліп қалған еді. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қайтадан шағымданған букмекелердің арызын қарастырды. Бірақ Алматы қаласы Бостандық ауданының сот шешімін өзгерткен жоқ.

Ассоциация Берденовті жалған ақпараттар таратты, іскерлік беделімізге нұқсан келтірді деп айыптаған. Бірінші сатыдағы сот бұған қатысты талап қоюшы тараптың дәлелдері жеткіліксіз деп санады.

Филологиялық-психологиялық сараптама бойынша букмекелердің шағымдануына негіз жоқ деген қорытынды жасалынды.

Respublica партиясының депутаты Руслан Берденов Парламент қабырғасында құмар ойынның зияны туралы бірнеше рет өткір мәлімдемелер жариялады. Оның ұсынысын басқа да депутаттар қолдады. Одан кейін ойын бизнесін шектеу туралы заң Парламент палаталары талқылауынан өтті.

2024 жылдың 8 шілдесінде Президент Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі бойыншаөзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Заңға сай букмекелер кеңселерге оңды-солды жарнама жүргізуге шектеу қойылды. Мемлекеттік қызметшілер мен әскери адамдарға бәс тігуге тыйым салынды.

Ойын бизнесінің көрігін қыздырып отырған нысандар мен элиталы казинолар бәс тігуге келетін азаматтар туралы ақпаратты Қаржы мониторингі агенттігіне беруге міндетті.

Үкімет жыл соңында «Ортақ есеп жүйесі операторы» ЖШС-ын құрды. Енді ставка төлемдерін осы оператор жүргізіп, қаражат айналымы қатаң бақылауға алынды.