Жаңалықтар

Израиль мен Хамас Газа аймағындағы атысты тоқтатуға келісті

Израиль мен Хамас Газа аймағындағы атысты тоқтатуға келісті
Израиль мен Хамас Газа аймағындағы атысты тоқтатуға келісті / Фото: REUTERS/Ronen Zvulun

Израиль мен Хамас Газа секторындағы әскери іс-қимылдарды уақытша тоқтату туралы өзара келісімге келді. Bloomberg  басылымның жазуынша, мәміле қақтығыстың ірі соғысқа айналуын тоқтатады. Басылымға пікір білдірген сарапшылар қақтығыстың кең ауқымды соғысқа дейін өршуі мұнай бағасының 130 долларға дейін көтерілуіне және әлемдік экономиканың өсу қарқынының баяулауына әкелуі мүмкін екенін ескертті.

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде Хамас кепілге алған азаматтардың жақында босатылатынын жазған. 

Келісім кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде Газа секторындағы қақтығысты тоқтата тұру және 2023 жылдың қазан айында тұтқынға алынған 33 адамды Израиль түрмелерінде ұсталған палестиналық тұтқындарға айырбастау көзделген. Израиль бірінші кезеңнің тізіміне енген кепілдегі адамдардың көпшілігі тірі деп санайды. Алайда Хамас бұл ақпаратты растаған жоқ.

Келесі кезеңдерде Газаны қалпына келтіру жұмыстары басталады. Басылым ақпарат көздерінің айтуынша, кепілдегі азаматтарды босатуға бірнеше апта кетеді.

Израиль қызметінің мәліметі бойынша 2023 жылдың 7 қазанында Хамас кепілге алған 250-ден астам адамның 98-і Газада қалған.

Айырбастау процесі аяқталғаннан кейін, Израиль мен Хамас қақтығысты біржола тоқтату келісіміне қол қоюға тиіс. Сарапшылардың көп бөлігі кепілдегі азаматтар босағаннан кейін, Израиль соғысты жалғастыруы мүмкін екенін ескерткен.

Осыған дейін 2024 жылдың 27 қарашасында Израиль «Хезболла» ұйымымен атысты тоқтатуға келісімге келіп, 29 қарашада келісім бұзылған еді.