АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың командасы Ресейге қарсы кең көлемді санкциялар стратегиясын әзірлеп жатыр.
Bloomberg бұл ақпаратты сенімді дерек көздерінен алып таратқан. Бұл стратегия арқылы жақын айларда Украинамен бейбіт келісімге келуге мәжбүрлеу үшін Ресейге қысым көрсетілмек.
Трамп әкімшілігі екі бірдей нұсқаны қарастырып жатыр. Бірінші нұсқа бойынша, жанжал аяқталуға жақындаса, онда ресейлік мұнай өндірушілерге санкция құрсауын жеңілдетпек. Екінші нұсқа бойынша, Ресейге қысым көрсету үшін санкцияларды қатаңдата түспек.
Трамптың қай нұсқаны мақұл көретіні әзірге белгісіз. Дереккөз стратегияның енді ғана қолға алынғанын, бастапқы кезеңде тұрғанын айтады. Десе де, Трамп таңдаған тәсіл әлемдік мұнай нарығына қатты әсер етпек. Өйткені, Ресейдің отындық-энергетикалық кешеніне қарсы АҚШ санкция жариялағаннан кейін артынша Brent маркалы мұнайдың фьючерсі $5 долларға өскен.
Сонымен қатар, Трамптың төңірегіндегілер Ресейден бөлек, Иран мен Венесуэла үкіметіне қысымды арттыруға байлам жасап отырған көрінеді.
12 қаңтарда Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуіне әзірлік жасалып жатқанын айтқан болатын.
Дональд Трамптың инаугурациясы 20 қаңтарда өтеді. Оған АҚШ-тағы Қазақстанның елшісі Ержан Ашықбаев қатысатын болды.