Қазақстанның екінші деңгейлі банктері шетелге ақша аударуды жеңілдететін стандартқа көшуді аяқтады
Ұлттық Банк елдегі коммерциялық банктер мен төлем жүйелері халықаралық ISO 20022 стандартына көшірілгенін хабарлады.
ISO 20022 – банктер мен қаржы ұйымдары арасында деректер алмасуға арналған халықаралық стандарт. Ол қаржылай транзакция жүргізгендегі ережелер мен ақпарат алмасу тәртібін анықтайды.
Жаңа стандарт 2025 жылдың 13 қаңтарынан бастап іске қосылады. Бұл өзгерістің ерекшелігі – төлем немесе мәміле туралы қосымша мәліметті беру мүмкіндігінде. Яғни сол арқылы қателік болу ықтималдығы азаяды. Төлемдерді өңдеу ісі автоматтандырылады, есеп айырысудағы жылдамдық пен қауіпсіздік жақсарады.
«Жаңа стандарт қаржы нарығына қатысушылардың жаңа өнімдер мен қызметті құруына негіз болады. Қазақстанның халықаралық стандартты пайдаланатын елдер қатарына кіруі трансшекаралық төлемді жеңілдетеді. Деректер алмасудың бірыңғай форматы арқасында халықаралық сауданы дамытуға септігін тигізеді», – деп түсіндіреді ҚҰБ Төлем жүйелері департаментінің жетекші экономист-маманы Аңсар Қалибаев
Ұлттық Банк мәліметінше, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып халықаралық стандартты пайдалануға енгізді. Енді Еуропалық Одақ пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне трансшекаралық төлемдер жеңілдейді.