TikTok АҚШ аумағында қайта жұмыс істей бастады

Жарияланды 20 Қаңтар 2025 08:34

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
TikTok АҚШ аумағында қайта жұмыс істей бастады / фото: архив kursiv.media

TikTok әлеуметтік желісі АҚШ-та 170 миллион пайдаланушысына қызмет көрсетуді қайта жандандырды. Бұл шешім сайланған президент Дональд Трамптың қосымшаны бұғаттау мерзімін кейінге қалдыратынын мәлімдегеннен кейін қабылданды.

Президент Трамп өзінің қызметіне кіріскеннен кейін 90 күндік уақытша мерзім беретінін және бұл туралы арнайы мәлімдеме жасайтынын айтты.

2024 жылдың сәуірінде АҚШ Конгресі қытайлық ByteDance компаниясын платформаны америкалық компанияға сатуға міндеттейтін заң қабылдады. Бұл талап орындалмай, 2025 жылдың 19 қаңтарынан бастап әлеуметтік желіге тыйым салынған еді.

ByteDance платформаны сатудан бас тартып, желіні жабудың алдында тұрды. 19 қаңтар жексенбі күні қосымша америкалық пайдаланушылар үшін жұмысын тоқтатты.

Қосымшаны ашуға тырысқан пайдаланушыларға TikTok-тың қолжетімсіздігі туралы хабарламалар келді. Алайда кейін TikTоk өз мәлімдемесінде сервисті қайта қалпына келтіру процесінің жүріп жатқанын хабарлады. Компания сайланған президент Трампқа «қажетті айқындық пен сенім үшін» алғысын білдіріп, TikTok-тың АҚШ-та ұзақ мерзімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін онымен бірлесіп жұмыс жасайтынын айтты.

Бұл мәлімдемеден кейін TikTok қосымшасы әртүрлі платформаларда қайтадан қолжетімді болды.

Сондай-ақ оқыңыз