2025 жылы мемлекеттегі 7 өңірді газдандыру үшін 45 жоба іске асырылмақ. Бұл мақсатта 65,9 млрд теңге бөлінбек деп жазылған Энергетика министрлігінің сайтында.
Ведомство мәліметінше, аталған жобалар іске асырылса елдегі газдандыру деңгейі 62%-ға дейін артады яғни 12,4 млн адамды газбен қамтамасыз етеді.
Осы мақсаттағы жобалардың бірі – ұзындығы 302 шақырым болатын «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы. Бұл жоба биыл аяқталса, Жетісу облысындағы 66 елдімекенге табиғи газ жіберіледі.
Ал Қашаған кен орнында шикі газды қайта өңдеуге арналған ұлттық бағдарлама іске асырылып жатыр. Оның аясында Қашаған кен орнының шикізат базасында жылына 700 мың тоннаға дейінгі көлемде сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі технологиялық кешеннің құрылысы басталмақшы.
«2026 жылдан бастап сұйытылған мұнай газының қосымша көлемі халықты автогазбен қамтамасыз етеді және өңірде мұнай-газ химиясын дамытуға мүмкіндік береді», – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Айта кету керек, оған дейін 2024 жылғы желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына тауарлық газға (24% дейін) жеңілдік ұсынатын пилоттық жоба іске қосылған еді. Ол 6000-ға жуық адамды қамтыды. Энергетика министрлігі болашақта пилоттық жобаның механизмі бүкіл елге таралатын болады деген уәде береді
Еске салайық, Энергетика министрлігі 1 ақпанынан бастап Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасын өсірмекші. Министрлік автогаздың қымбаттауы сұйытылған мұнай газын өндірушілер шығындарының өсуіне байланысты деп түсіндірді.