Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі Сарыөзектегі оққа ұшқан солдатқа қатысты пікір білдірді

Көшекбаев қаруды сақтау ережесі дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты /фото: KursivMedia мұрағаты

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Құрлық әскерлері бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев Жетісу облысы Сарөзек қаласында әскери жаттығу кезінде оққа ұшқан солдаттың қайғылы оқиғадан бұрынғы жай-күйі туралы айтып берді.

«Бәлкім, өлімнің себебі басшылықтың жеке құраммен жұмысындағы жеке олқылықтарда жатуы мүмкін. Әскери қызмет талаптарына енді үйреніп жатқан Дастанның ішкі уайымын дер кезінде анықтай алмадық», – деді Көшекбаев.  

Оның айтуынша, әскерде солдаттың мінез-құлқында ауытқушылық болса, дереу амал қолданады.

Көшекбаев қайғылы жағдайға дейін солдаттың ата-анасымен кездескенін айтып берді.

«Қатардағы жауынгер Құрманбек Дастанның уайымы туралы ақпарат алған командир онымен жеке сөйлескен. Ата-анасымен де телефон арқылы сөйлескен. 12 қаңтарда олар бөлімшеге келіп, баласымен кездесті. Сәйкесінше, әскери бөлімнің басшылығы әскери бөлім орналасқан аумақтан шығуға рұқсат берген», – дейді Көшекбаев.

Оның сөзіне қарағанда, Дастан күні бойы ата-анасының жанында болған.

«Қайтып келген соң, Дастан да, оның ата-анасы да әскери бөлімнің басшылығына, құқық қорғау органдарына да өтініш немесе арыз айтпаған. Әскери ұжыммен, сержанттармен қарым-қатынасында түйткіл болмаған», – дейді офицер.

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының айтуынша, қайғылы оқиға полигонда болған. Ол жерде миномет батареясы бөлімінің әскери іс-қимылға әзірлігі өткен. Бірақ жауынгерлік ату болмаған.

«Ол жерде бізде камералар қойылмаған. Өйткені аумақ тым үлкен. Әскери қызметкерлер көп уақытын полигонда, әскери жаттығуда өткізеді. Жоспарлы жаттығу кезінде офицерлер, сержанттар мен солдаттар – бәрі де штаттық табельді қаруын алады», – дейді қолбасшы.

Көшекбаев қаруды сақтау ережесін сақтамау дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты.

Мұның алдында 2025 жылы 17 қаңтарда Жетісу облысы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек қаласындағы әскери гарнизонда жаттығу кезінде сарбазға оқ тиіп қаза тапқаны туралы жазғанбыз.