Жаңалықтар

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті

Ішкі істер министрлігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті / фото: shutterstock

Ішкі істер министрлігі шетелде жүрген қазақстандықтарға Telegram және WhatsApp чаттарында жиі кездесетін алаяқтықтың жаңа әдістері туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде мыңдаған қазақстандықтар шетелде білім алып немесе жұмыс істеп жүр. Олар өзара байланыс орнатып, ақпарат алмасу және көмек көрсету үшін түрлі чаттар құрады. Дегенмен, бұл жағдайды алаяқтар пайдаланып отыр.

Полицияның мәліметінше, қаскөйлер мұндай чаттарға қосылып, өзін қазақстандық азамат ретінде таныстырады және валюта айырбастау бойынша өте тиімді шарттар ұсынады. Алайда олар ақшаны тікелей айырбастамай, криптовалюта сатумен айналысатын адамдардың немесе дроптардың шоттарын жіберіп, алдау схемасын жүзеге асырады. Қаражат түскен соң, олар барлық хат-хабарларды өшіріп, чаттан шығып кетеді.

Осындай алаяқтық әрекеттер Корея, Қытай және АҚШ-та тіркелген.

Министрлік шетелде жүрген азаматтарды сақ болуға және күмәнді ұсыныстарды қабылдамауға шақырды.

«Бейтаныс адамдармен қаржылық мәмілелер жасамас бұрын, ақпаратты мұқият тексеріңіз. Алаяқтық әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлаңыз», – делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, Қазақстанда алаяқтық соңғы жылдары өршіп барады. Тіпті, жоғары лауазымды тұлғалардың атынан халықты алдауға ұмтылып жатыр.