«Ақ жол» партиясының депутаттары Ұлттық банктен базалық мөлшерлемені төмендетуді талап етті

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Ақ жол» фракциясының депутаттары Ұлттық банктен базалық мөлшерлемені төмендетуді талап етті. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке жолдаған сауалында мәжілісмендер несие құнын 10-12% тиімді деңгейге дейін төмендету үшін Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені қайта қарап, азайтуы тиіс деп отыр.

Өйткені базалық мөлшерлеме 15%-дан асса, несие мөлшерлемесі 21-23%-дан кем болмайды. Депутаттар мұндай несие тек өзгенің тауарын импорттап, қайта сату үшін ғана пайдаланылуы мүмкін, бірақ негізгі капиталға және өңдеуші кәсіпорындарға инвестициялау тиімсіз деп тұжырымдайды.

Халық қалаулылары дәл қазір базалық мөлшерлемені көтеретіндей маңызды себеп байқап отырған жоқ. Қазіргі инфляцияға теңгенің артықтығы емес, отандық тауар өндірісінің тапшылығы қысым жасап отырғанын, соның салдарынан отандық өнім импортқа тәуелді деген пікірде.

Олардың айтуынша елдің ақша-несие саясаты мемлекеттің жалпы экономикалық саясатының маңызды бөлігі және барлық басқа фактормен: отандық өндіріс, импортқа тәуелділік, фискалдық және инвестициялық саясатпен және т.б. бірге қарастырылуы керек.

«Несиелер құнын 10-12% тиімді деңгейге дейін төмендетуді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банктен базалық мөлшерлемені қайта қарауды және төмендетуді сұраймыз. Нарықты отандық тауарларға қанықтыру ғана экономиканы инфляциядан тиімді және ұзақ мерзімді қорғай алады», – дейді депутаттар.

Ұлттық банк 2024 жылдың соңында базалық мөлшерлемені бірден 1 пайызға көтеріп, 15,25 пайызға жеткізді. Ал 17 қаңтардағы шешімінде базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Бас банк бұл шешімін инфляцияның қарқын алуы және экономиканың қызып кетуімен түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз