Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрлігі Қазақстанда төртінші ұялы байланыс операторының пайда болуы туралы вице-министр Асхат Оразбектің сөзіне түсініктеме берді.
Вице-министрдің сөзі ақпарат құралдарында таралып кеткеннен кейін, жаңа ұялы байланыс операторын қосу туралы министрлікте нақты жоспар қарастырылмағанын хабарлады.
Алайда ведомство саланы реттеуші ретінде нарықта қажеттілік пайда болған жағдайда жаңа байланыс операторын құруға өкілетті екенін еске салды.
Осыған дейін «Қазақтелеком» ұлттық компаниясы меншігінде болған Tele2/Altel байланыс операторы қатарлық инвесторға сатылды. Министрлік шетелдік инвестордың нарыққа қосылуы елдегі байланыс бағасын түсіруге ықпал етеді деп үміттеніп отыр. Егер бұл әрекет бағаның түсуіне ықпал ете қоймаса, министрлік жаңа ұялы байланыс операторын іске қосуы мүмкін. Бұл туралы 21 қаңтарда вице-министр Асхат Оразбек айтқан еді.