Жаңалықтар

Алатау қаласына республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді – Бектенов

Алатау қаласын қаржыландыруға ақша жетпей жатыр
Алатау қаласын дамытуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алатау қаласын дамытуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбейді. Бұл туралы депутаттық сауалға берген жауабында пермьер-министр Олжас Бектенов айтқан.

Премьер-министр Алматы облысының бюджетіне 2025 жылға арналған субвенциялар көлемі биыл артып, 203,6 млрд теңгені құрағанын айтқан. Ал 2024 жылы оның көлемі 183,6 млрд теңге болған. Бектенов сонымен қатар облыстың бюджетінің кірісі де жаман емес екенін атап өткен. Өңір бюджетінің 2024 жылғы өз кірісінің атқарылуы 520,3 млрд теңгені құраған. Бұл 481,9 млрд теңге көлеміндегі жоспарлы болжамнан 38,4 млрд теңгеге немесе 108%-ға артық. Осыны ескере келе, үкімет басшысы қалаға республикалық бюджетке қаражат бөлінбейтінін жеткізген.

«Алдағы уақытта республикалық деңгейде тек аса маңызды және жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыру жоспарланып отыр, ал барлық базалық инфрақұрылым жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады»,- делінген жауапта.

Сонымен бірге Бектенов өңірдің инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі республикалық бюджеттің мүмкіндіктерін және жобалау-сметалық құжаттаманың әзірлігін ескере отырып, жоспарлы тәртіппен қарастырылатынын атап өткен.

Ал қала инфрақұрылымын дамытуға қатысты шаралар 2026-2028 жылдарға
арналған ЖСТ айқындау кезінде негізге алынбақ. Сонымен бірге 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспарына сәйкес осы жылы Алматы облысына 79,2 млрд теңге қараджат бөлінеді. Бұл қаражаттың 560,3 млн теңгесі осы Алатау қаласын сумен және газбен жабдықтауға жұмсалады.

Еске сала кетсек, Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев Алматы облысының бюджетінде қаражат жоқ екенін айтып, Олжас Бектеновтен республикалық бюджеттен қаржыландыруды сұраған. Сентаор 2023 жылы кірістер жоспарының орындалмауына байланысты облыстың 16,7 млрд теңгенің кредиттік берешегін төлей алмай қалғанын айтқан.