Жаңа салық кодексі: енді 1000 теңге үшін есепшотты бұғаттамайды

Жарияланды
салық кодексі
Есепшотты бұғаттау тәртібі өзгеретін болады / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Енді қазақстандықтардың 1000 теңгелік қарызы үшін ғана есепшотты бұғаттамайтын болады. Бұл туралы парламент мәжілісінде қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Біржановтың сөзінше, борыш көлеміне байланысты дифференциалды әдіс қолданылады. Яғни бұғаттайтын кезде борыштың сомасы назарға алынады.

«20 АЕК-ке дейінгі борыш бойынша біз тек ескерту жіберіледі. Осындай үш градация жасалады, сома көп болған сайын, есепшотты бұғаттауға дейін қатаң шара қолданады. Бірақ салықтан бөлек әлеуметтік төлемдер бар. Жеке кәсіпкерлер зейнетақы, медициналық жарналар төлейді. Қазір бір теңге немесе 10 теңге деген борыш үшін шотты бұғаттауы мүмкін. Бұл мәселені талқылап жатырмыз, борыш көлемі ұлғаятын болады. Яғни мың теңге үшін есепшоттың бұғаттамайтын болады, бұл Жаңа кодекстің жобасында негізделген», – деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, салық органдары жалпы әдісін өзгертеді.

«Біздің өзімізге де аз сома үшін бұғаттай беру ыңғайсыз. Бірақ тек салық үшін ғана емес әлеуметтік төлемдерге де бақылау жасауымыз керек», – деп түсіндірді вице-министр.

2024 жылдың соңында қазақстандықтар есепшоты бұғаттала бастағанын жазған еді. Оның себебін Қаржы министрі Мәди Такиев түсіндірген.

Айта кетейік, қазір жаңа Салық кодексінің жобасы дайындалып жатыр. Ол құжат 2026 жылдан бастап күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыз