
Altyn Bank Қазақстан қор биржасында облигация орналастырып, инвесторлардан 100 млрд теңге тартты, деп хабарлайды Kursiv Media KASE дерегіне сүйеніп.
Банк облигацияларын 24 қыркүйекте орналастырды. Қағаздардың айналым мерзімі – үш жыл, ал жылдық мөлшерлемесі 16,5% болып белгіленді. Купон инвесторларға жылына екі рет төленеді.
Бұл Altyn Bank-тің биыл тіркеген алғашқы облигациялық бағдарламасы аясындағы бірінші шығарылымы. Бағдарламаның жалпы көлемі 200 млрд теңгені құрайды. Яғни банк алғашқы орналастырудың өзінде бағдарламаның жартысына тең қаражат тартты.
Банк тағы 100 млрд теңге тарта алады
Altyn Bank-тің бірінші облигациялық бағдарламасы 7 қыркүйекте 200 млрд теңгеге тіркелген. Оның аясындағы алғашқы шығарылым көлемі 100 млрд теңге болды және банк оны толық орналастырды.
Демек бағдарлама аясында болашақта тағы облигациялар шығару мүмкіндігі бар.
Бір облигацияның номиналды құны 1 мың теңге. Қағаздар KASE негізгі алаңында ATBNb3 тикерімен саудаланады. Олардың айналым мерзімі 1 080 күн немесе шамамен үш жыл.
Altyn Bank – қытайлық China CITIC Bank Corporation Limited еншілес банкі.
24 қыркүйекте қазақстандық борыш нарығында басқа да ірі орналастырулар өтті. Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы төрт жылдық облигациялар арқылы 50 млрд теңге тартты. Нәтижесінде тек осы екі орналастырудың көлемі 150 млрд теңгеге жетті.