Отандық әдебиет порталы – аdebiportal.kz-те Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» аудиокітабы жарық көрді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, аудиокітап қоры авторлардың жаңа шығармаларымен толықтырылып отыр. Бұл жерде кітап шығару саласындағы «соңғы үрдістер» мен «оқырман сұранысы» ескеріліпті.
«Порталдың жаңалығы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» аудиокітабы», – дейді министрлік.
Президенттің бұл кітабында қазақ әдебиетінің детектив жанрының негізін қалаған Кемел Тоқаевтың өмір жолы баяндалады.
«Әкесінің өмірі мен шығармашылығы туралы жеке естеліктерімен бөлісіп, Кемел Тоқаевтың қиындыққа толы балалық шағы, оның майдандағы жастық кезі мен соғыстан кейінгі шығармашылық жолы туралы әңгімелейді. Автор анасы – Тұрар Шабарбаеваға арнайы бөлім арнаған. Анасы жазушының өмірлік адал серігі, отбасының ұйытқысы болғанын айтады. Өзінің ата-анасына және жақындарына деген сүйіспеншілік сезімін терең жеткізеді», – делінген министрліктің хабарламасында.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, Кемел Тоқаев – ХХ ғасырдағы әдебиетте жарқын із қалдырған тұлға.
«Шығармалары замандас қаламдастары, сыншылар мен оқырман тарапынан жоғары бағаланып, кезінде Қазақстан мен Кеңес Одағында бестселлерге айналды», – дейді министрлік.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жақында басқа да майдангер-жазушылардың аудиокітаптары жарияланады ден сендіріп отыр. Олардың арасында, Бауыржан Момышұлының «Артымызда Москва, Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Күткен күн», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Кемел Тоқаевтың «Солдат алысқа кетті», Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» атты кітаптары бар.